Алматыдан Саранға дейін: 290 адамнан 4,6 млрд жинап алған әйел мен 12 туысының ісі сотқа кетті
Ол Қытайдан арзан ыдыс-аяқ әкеліп сатамын деген

Алматы қаласының Полиция департаменті 4,6 млрд теңгені жымқырған әйел мен оның бөліске түскен 12 туысына қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс қалай басталған
Айыпталушы әйел мессенджерлердегі чат арқылы Қытайдың, Өзбекстанның және Ресейдің зауыттарымен тікелей жұмыс істейтінін, сондықтан оның ыдыс-аяқ, жиһаз және үйге арналған басқа да керек-жарақтарды төмен бағада сататынын айтып, жарнама берген.
Бірақ, шын мәнінде ол тауарды не Қытай, не Өзбекстан, не Ресейден емес, Алматының базарынан өзі шығынға ұшырай отырып сатып алған. Есесіне, ол 290 адамды алдап ақша жинап, олардың тауарын 6-12 ай арасында әкеп отырған.
Алматыдан Саранға дейін: алаяққа 290 адам ақшасын берген
Күдікті әйел мен оның туыстары жиналған ақшаға автокөлік, пәтер, үй, жер, киім алып, саяхаттаған. Сондай-ақ букмекерлік кеңселерде ақша тігуге қаражат жұмсаған.
«Тергеу барысында 34 автокөлік, 2 пәтер, 1 пентхаус, жер учаскесі бар 2 тұрғын үйге тыйым салынды», - деп хабарлайды Бас прокуратура.
Еліміз бойынша Алматыдан бастап Саран қаласына дейін 4,6 млрд теңге сомасына 290 адам қылмыстың құрбаны болып танылды.
Прокуратура қылмыстық істі сотқа жолдады
ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2)тармағы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша қылмыстық жауаптылық 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.