Новости спорта, футбол, КПЛ

Ақмола облысында жоғалған бала орман ішінен табылды

Балақай көл жағалауынан төрт шақырым жердегі орман ішінде ойнап жүріп адасып кеткен

Ақмола облысында жоғалған бала орман ішінен табылды

Оқиға 8 маусымда күндізгі сағат үштер шамасында Біржан сал ауданының Жүкей ауылында болған. Отбасылық мерекені Щучинск қаласының жанында көлдің жағалауында атап өтпек болған ата-ана балаларынан қас пен көздің арасында көз жазып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  тілшісі Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Төрт жасар Романды шарқ ұрып іздеп еш жерден таба алмаған ата-ана бірден полицейлердің көмегіне жүгінген. Баласының із-түзсіз жоғалғаны туралы полиция бөліміне анасы Дина Көпбаева хабарлаған.

«Қайғылы оқиғаның алдын алу үшін біз оқиға орнына бірден келіп жеттік. Балақайдың ата-анасы төрт жасар Романның көлге батып кетті-ау деп қауіптенгенін айтты. Балаларынан көзді ашып-жұмғанша ажырап қалған ата-ананы тыныштандырып, полицейлер екі топқа бөлініп, дереу іздеуге жұмыстарын ұйымдастырдық. Жоғалған баланы іздеуге  оның ата-анасымен, бірге отбасылық мерекеге қатысушылар да атсалысты. Тәртіп сақшылары көл жағасындағы орманды сүзіп шықты. Арада бір сағат өткенде бала табылды. Кішкентай Роман оқиға орнынан 4 шақырым жерде орманның арасынан шықты. Ойнап жүрген бала ата-анасынан жасырынбақ болып орманға қашқан. Бірақ қайтып шықпақ болғанда, кірген жерін таппай адасып кеткен» - деді аумақтық бөлім басшысы, полиция подполковнигі Бауыржан Дәукенов.

Балалары табылған ата-ана бірден көмекке жеткен полицейлерге алғысын білдірді. Ал кішкентай Роман тәртіп сақшыларына бұдан кейін жоғалмауға уәде берді.

Тәртіп сақшылары жазғы маусымда көл жағалауында және орманды жерлерде демалыс кезінде балаларға абай болуға шақырды. Сонымен қатар, ата-аналарды қараусыз қалдырудың соңы қайғылы жағдайлармен аяқталатынын және ол үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.