Елордалық полицейлер 3 күнде үш рет ұрлық жасаған күдіктіні ұстады

Оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда

Елордалық полицейлер 3 күнде үш рет ұрлық жасаған күдіктіні ұстады

Соңғы үш тәулікте екі велосипед пен бір ұялы телефон ұрлаған 24 жастағы күдіктіні Сарыарқа аудандық полиция басқармасының мамандары ұстаған.

Бірінші күні жас жігіт көшедегі бейтаныс адамнан велосипедін сұрап, бір айналып келіп қайтарамын деп уәде беріпті. Алайда, ол велосипедті алып қашып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын – 90 мың теңге.

Келесі күні күдікті көшедегі кафе маңында қараусыз тұрған «Центрион» маркалы өзге велосипедті көреді. Өзі айдап жүрген велосипедтен қымбат екенін білген ол «ескісін» тастап, «жаңасына» отырып кеткен.

Бұдан бөлек, күдікті өзінің танысынан «Ксиоми» маркалы смартфонын ұрлаған. Телефон құны – 170 мың теңге.

Ұсталған жігіт өзіне тағылған кінәнің бәрін мойындаған. Ол бұған дейін де осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотталған екен. Қазір күдікті Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторында. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабымен (ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.