Ақтауда ер адам бұрынғы әйелін өлімші етіп сабап, 17-қабаттан лақтырып жіберетінін айтқан
Ол келіншекті 2 жарым сағат бойы қорлаған

Ақтау қаласындағы «Каспиан Тауерс» тұрғын үй кешенінің 17 қабатындағы пәтерде ер адам бұрынғы әйелін аямай соққыға жыққан. Әйел пәтерден әрең қашып шыққан. Бұл туралы жәбірленуші блогер азамат Сәрсенбаевқа хат жазып, баяндап берген және соққыдан кейін адам көргісіз болған денесінің фотоларын жіберген, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.
2 жарым сағат бойы қинаған
Зорлық көрген әйелдің сөзінше, оны бұрынғы күйеуі 2 жарым сағат бойы тепкінің астына алған, тұншықтырған, қорқытқан.
«17 қабаттан лақтырып жіберемін, сосын өзімді өлтіремін», - деп қоқан-лоқы жасаған.
Көршілер естімегендей отыра берген
Пәтерден шығып жатқан қорқынышты дауысқа көршілері мән бермеген, ешкім полицияға хабарламаған. Әйел әрең сытылып шығып, төменгі қабатқа қарай баспалдақпен жүгірген. Сол түні өзінің құрбысының үйінде қонған келіншек, келесі күні полцияға арыз жазған.
Полиция қылмыстық іс қозғады
Маңғыстау облысының полиция департаментінің хабарлауынша, қазір ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Жәбірленуші бұрынғы күйеуімен отбасылы болып тұрғанда көп қорлық көргенін айтқан. Енді ол экс-жұбайы тауып алып, зиянын тигізе ме деп қорқып отыр.