Бір-бірін талдырып ойнаған: Ақтауда жасөспірімнің бірі миы шайқалып, ауруханаға түсті

Автор: Темірхан Айжан

12 жастағы баланың миы шайқалған

Фото: Lada

Ақтауда қауіпті ойын ойнаған оқушының миы шайқалып ауруханаға түсті, деп хабарлайды Azattyq Ryhy агенттігі Lada-ға сілтеме жасап.

Ақтаудағы 32В шағынауданындағы үй ауласында балалар бір-бірін тұншықтырып, талдырып ойнаған. 12 жастағы жасөспірім қауіпті әрекетті қайталаймын деп өлім аузынан қалды. Бала есінен танып, тұрған жерінде құлаған. Содан кейін денесі тоқтаусыз дірілдеген. Оқушылар баланың есін жидырмақ болып біраз уақыт әурелеген.

Куәгерлердің сөзінше, жедел-жәрдем шақыртудан жарты сағат өткенде ғана жеткен. Олар баланы дереу Маңғыстау облысының көпсалалы ауруханасына алып кеткен.

«Қабылдау бөліміне 2012 жылы туған жасөспірім түсті. Ол жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалу диагнозымен травматология бөліміне жатқызылды.
Пациенттің жағдайы тұрақты, ол хаттамаға сәйкес ем қабылдап жатыр», – деп хабарлады дәрігерлер.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтау қаласындағы мектептердің бірінде оқушы қыздар бір-бірін талдырып ойнағаны белгілі болған еді. Қыздар мектеп әжетханасында 7-сынып оқушысын өкпе тұсынан қысып, есінен тандырған. Оларды полиция тізімге алды. Маңғыстау облыстық Білім басқармасы әкімдік жанындағы кәмелет жасына толмағандардың ісі жөніндегі комиссияға жіберетін құжаттарды дайындап жатқанын мәлімдеген.