$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жаңа Рим папасы Лев XIV біржынысты некеге қатысты пікірін білдірді

Ол алдыңғы Папаның ұстанымына қарсы 

Жаңа Рим папасы Лев XIV біржынысты некеге қатысты пікірін білдірді
Фото: AP

Католик шіркеуінің жаңа басшысы Папа Лев XIV өзінің отбасы туралы ұстанымын ашық жариялады. Ол отбасы тек ер мен әйелдің одағы болуы тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.

Бір жынысты отбасылар туралы пікір

BILD-тің жазуынша, Ватиканда дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесу кезінде сөйлеген сөзінде Папа балаларды бір жынысты немесе квир ата-аналар тәрбиелейтін отбасыларды қолдамайтынын айтты. Сондай-ақ ол заманауи медиада «альтернативті отбасылардың» тым жағымды сипатта көрсетілуіне алаңдайтынын жеткізді.

«Телебағдарламалар мен киноларда бір жынысты жұптар мен олардың асырап алған балалары қалыпты отбасы үлгісі ретінде көрсетіледі. Бұл – католик шіркеуінің іліміне қайшы», – деді Лев XIV.

«Гомосексуалды өмір салты – шіркеу ілімімен үйлеспейді»

Бұған дейін августиндік орденнің бас приоры болған Роберт Фрэнсис Превост (қазіргі Лев XIV) гомосексуалды өмір салты католик дініне сай келмейді деп бірнеше рет мәлімдеген. Бұл ұстанымын ол Папа ретінде де сақтап отыр.

Квир-қоғам мен шіркеудегі реакция

ЛГБТ+ құқықтарын қорғаушы ұйымдар Папаның бұл сөздерін ренішпен қабылдады. Олар Лев XIV өзінен бұрынғы Папа Франциск жүргізген инклюзивті саясатты жалғастырады деп үміттенген болатын. Сын пікірлер әсіресе АҚШ пен Германиядағы католиктік топтар тарапынан айтылды.

Германиядағы LSBT+ католик комитетінің теңтөрағасы Маркус Гутфляйш Папа Лев XIV-тің католик шіркеуінің ілімін дамытып, квир адамдарға қатысты дискриминацияны жоюға ықпал етеді деп үміттенетінін айтқан.

Папа Францисктің саясаты қандай еді?

Еске салайық, Папа Франциск бір жынысты серіктестіктерге шіркеу рәсімінен тыс батасын беруге рұқсат еткен болатын. Бұл шешім сол кезде католик шіркеуінің ішінде екі түрлі пікір тудырған. Католик шіркеуінің қазіргі басшысы америкалық Роберт Фрэнсис Прево 8 мамырда сайланып, Лев XIV есімін алған болатын.

Серіктес жаңалықтары