Істі болған бұрынғы IT-университет ректоры коронавирус жұқтырғанын айтып, көмек сұрады

Автор: Azattyq Rýhy

Сот 6 айдан бері жүріп жатыр 

Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің бұрынғы ректорына байланысты басты сот талқылауы онлайн тәртібінде жүріп жатыр. Бүгінгі сот отырысында Дәмір Шыныбеков өзін жайсыз сезінгенін айтып, дәрігер шақыруды сұраған. Бұл туралы оның адвокаты Azattyq Rýhy ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұқбатында айтты.

Қорғаушы Гүлнәр Сүлейменованың айтуынша күдікті сот барысында судья Құдабаевадан (Құдабаева Т.А. – Алматы қаласы Бостандық аудандық қылмыстық істер жөніндегі сот судьясы – AR) сот отырысын кейінге шегеруді және қасында отырған адамдардың барлығынан жедел тест алуды сұраған. Адвокаттың айтуына қарағанда, Шыныбековпен бір камерада отырған азаматтар да денсаулықтарына алаңдап, түрлі шағымдар айта бастаған.

«Дәмір СИЗО-да сот отырысына қашықтан қатысып жүр. Бүгін 08 маусым 2020 жылы шамамен бір сағат бұрын кезекті  сот процесі өтіп жатты. Ол сот қазысына камерадағы азаматтар мен өзіне медициналық көмек қажет екенін айтты. Бірге отырған өзге күдіктілердің арасында бір аптадан бері денсаулығына шағымданғандар болған. Дәмір Шыныбеков қатты бас ауруы, қызуының көтерідуі, сүйектері мен буындарының қақсауы, арқасының ауруы мен іш өтуі жиілегенін айтып отыр», - дейді адвокат.

Сотталушының адвокаты кеше Дәмір Шыныбеков пен оның қасында отырған өзге де азаматтарды Алматыдағы ІІМ госпиталіне жатқызуға апарған. Алайда олар ҰҚК қарасы уақытша ұстау изоляторында отырғанын ескеріп, қайтадан кері қайтарып жіберген. Содан бері емдік көмектер көрсетілмеген. Адвокаттың ойынша, СИЗО-да коронавирус ошағы өршіп кеткен, тиісті органдар оны жасырып отыр. Бұл туралы қорғаушы бүгін Facebok парақшасында да жазба қалдырды.

 

«Видеобайланыс арқылы сөйлескенде менің қорғауымдағы адамның кеудесі сырылдап, қиналып сөйлеп отырғанын байқау қиын емес. Ол жер – жабық мекеме. Сотталушылар ғана емес,  қызметкерлер де ауруы мүмкін ғой. Әр камерада кем дегенде 3-4 адамнан отырады. Мен және өзге де адвокаттар зорлық-зомбылық жасамаған күдіктілерді изоляторда ұстамай, қауіпсіз жерге көшіруді немесе үйлеріне босатуды сұрадық. Бұл хатты біз тиісті құзырлы органдарға биыл наурыз айында, коронавирус инфекциясы тарай бастағанда жаздық. Ал енді ауырды деп күдікке ілінгендердің өзінен ПТР-тест алмай отыр. Бұл не сұмдық?!»,- дейді ІТ-университеттің бұрынғы ректорының қорғаушысы.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы IT Университеттің бұрынғы ректоры кімнің ақшасына қол салған?!

Алматы қаласы Бостандық аудандық қылмыстық істер жөніндегі соты Дәмір Шыныбековтің ісі бойынша басты сот тыңдауын биыл қаңтар айында қарай  бастаған болатын. Д.Шыныбеков оған дейін жеті ай тергеу абақтысында отырды. Алматы қаласы ауданаралық тергеу сотының қаулысымен бұрынғы ректорға былтыр 29 мамырда бұлтартпау шарасы қолданылды. Содан бері қамауда отырған күдікті қалалық сотқа апелляциялық шағым түсіргенімен, сот оны тергеу кезінде уақытша босатудан бас тартқан.

Дәмір Шыныбековке ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлімі 2-тармағымен, яғни «бөтеннің сенiп тапсырылған мүлкін ірі көлемде иемденген немесе талан-таражға салған» деген айып тағылған. Алты айдан бері жүріп жатқан сот ісі бойынша үкімнің қашан шығатыны белгісіз.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы