Түркістан облысының тұрғыны 17 адамның ақшасын алдап алып кеткен

Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Түркістан облысының тұрғыны 17 адамның ақшасын алдап алып кеткен
Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысының полицейлері тұрғындардың несиесін жауып беремін деген алаяқты ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Отырар аудандық полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын алаяқтық бойынша  арыз түсірген. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, биыл қаңтар айында бейтаныс жігіт алдап сеніміне кіріп, «Несиеңіздің 10%-ын берсеңіз, қалған барлық қарыздарыңызды төлеп беремін» деп уәде берген.

«Осылай алдау арқылы алаяқ тұрғыннан 700 000 теңгесін алып, содан бері жоқ болып кеткен. Аталған, жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша Отырар АПБ-де тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды», - делінген ақпаратта.

Аталған қылмысты ашу мақсатында полиция бөлімінде тәжірибелі қызметкерлер жедел-тергеу тобын құрды. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының қорытындысы бойынша күдіктіні ұстады. Ол Ордабасы ауданының тұрғыны болып шықты.

Тергеу барысында, полиция қызметкерлері ұсталған адамның тағы да осындай 16 алаяқтық дерегіне қатысы бар екенін анықтады.

Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды. Тәртіп сақшылары алаяқтың құрбандары бұдан да көп болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды және оның басқа қылмыстарға қатыстылығын анықтайды.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға қаржы мәселелерін шешуге күмәнді көмек ұсынатын бейтаныс адамдарға мұқият болу және сенбеу керек екенін ескертеді. Егер осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, онда сізге «102» телефоны бойынша полицияға хабарласу қажет.
 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.