Қазақстанда номиналы 1000 теңгелік коллекциялық монета пайда болады
Ұлттық банк Жеңістің 80 жылдығына арналған монеталарды шығармақ

Қазақстан Ұлттық банкі «ҰЛЫ ЖЕҢІС. 80 ЖЫЛ» коллекциялық монеталарын шығарады. Сатылымға шығатын уақыты әлі нақтыланбаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Отан қорғаушылардың ерлігі мен жанқиярлық рухына арналған монеталарда мәңгілік алау көрініс тапқан. «80» санындағы ою-өрнек жеңіс лентасын бейнелейді және ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы элементтерімен үндесетін стильде орындалған. Тиын алтын жалатылған 925 сынамды күмістен жасалған, массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, түрлі түсті баспа технологиясы қолданылған, дайындау сапасы – «proof», номиналы – 1 000 теңгелік, таралымы – 2 000 дана.
Келесі монета - нибрасс/нейзильбер қоспаларынан (биколорлы) жасалған, массасы – 7,5 грамм, диаметрі – 26 мм, дайындау сапасы – «uncirculated», номиналы – 200 теңгелік, таралымы – 10 000 000 (он миллион) дана. Номиналы 200 теңгелік биколорлы монеталар Қазақстан Республикасының аумағында қолданыста бар монеталармен бірге еркін айналымда болады.
Бұл монеталар Ұлы Жеңіс туралы тарихи оқиғаны мәңгі есте сақтап, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында шығарылып отыр. Монеталар атаулы датаға арналған мәдени әрі тарихи мұраны сақтау жолындағы ұмтылысты паш етеді.