Қазақстанда 17 жастағы бала әскерге өтініш беруді жеңілдететін қосымша ойлап тапты
Стартапты жасаған команда қаржылай грант жеңіп алды

Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің алаңында өткен Defense Tech хакатонында Myarmy.kz командасы әскерге және келісімшартты әскери қызметке өтініш беруді жеңілдететін қосымша ойлап тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұйымдастырушылар шараны Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнаған.
«Қорғаныс министрлігі үшін бұл іс-шараның маңызы зор. Біз соңғы трендтерді зерделейміз, инноваторлар мен стартаперлердің немен жұмыс істейтінін анықтап білеміз. Сол арқылы оларға өз таланттарын қолдана алатын бағыттарды ұсынамыз. Өткен хакатондардың жеңімпаздары сынақтан өтіп жатыр, олардың жобалары Қарулы күштерде өз тиімділігін көрсетті», – деп атап өтті Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.
Myarmy.kz командасының өкілі 17 жастағы Сұлтанәлі Әбілмәжіннің айтуынша, олар 2,5 млн теңгенің грантын жеңіп алған. Оларлың қосымшасы қазір ілкі жоба ретінде жұмыс істеп тұр.