$ 514.5  582.67  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ұлыбритания Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуді бастап кетті

Елде соғысты көрген 70 мың адам қалды 

Ұлыбритания Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуді бастап кетті
Фото: Getty Images

Ұлыбританияда Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толуына орай мерекелік шаралар легі өтіп жатыр. Жыл сайын Еуропа VE Day (Victory in Europe Day) деген атпен 8 мамырда Жеңіс күнін атап өтеді, алайда биыл мерейлі дата болғандықтан шаралар ерте басталып, бірнеше күнге созылмақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

BBC-дің жазуынша, Дүйсенбі күні түскі сағат 12.00-де Биг-Бен қоңырауы соғылып, салтанатты шара ресми түрде ашылды. Актер Тимоти Сполл 1945 жылы 8 мамырда радиодан айтылған Уинстон Черчилльдің әйгілі Жеңіс сөзін оқып берді.

Лондон орталығында, Парламент алаңынан Букингем сарайына дейін, 1300-ден астам адам қатысқан әскери шеру өтті. Жүз жасты алқымдаған соғыс ардагері Алан Кеннет шеруді бастап жүрді. Шараны король Карл III, оның жұбайы Камилла және Уэльс ханзадасы Уильям әйелі Кейт пен балаларымен бірге тамашалады.

Лондон аспанында F-35M Lightning, Typhoon жойғыштары және Екінші дүниежүзілік соғыста пайдаланылған әйгілі Lancaster бомбалаушы ұшағы ұшты.

Түстен кейін король отбасы Букингем сарайында 50-ге жуық ардагер мен олардың отбасыларын шақырып, шай берді.

Ұлыбритания Премьер-министрі Кир Стармер ардагерлерге Жеңіс жолындағы риясыз еңбегі үшін алғыс білдірді. Ол Жеңіс күнін «жақсылықтың өшпенділікке, зұлымдық пен тиранияға қарсы жеңіс» деп ерекше атап өтті.

Ұлыбританияның Ұлттық статистика бюросы мен тарихи ұйымдардың мәліметі бойынша, 2024 жылы елде Екінші дүниежүзілік соғысты көзімен көрген шамамен 70 мың адам қалған. Олардың жасы 95 пен 112 жас аралығында.

Серіктес жаңалықтары