«Болашақ» халықаралық стипендиясының мөлшері арта ма
Қазіргі күні шәкіртақы мөлшері - 1900-2200 АҚШ доллары аралығында

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Болашақ» халықаралық стипендиясының мөлшері қайта қаралатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда шетелде оқитын стипендиаттарға ай сайын төленетін шәкіртақы мөлшері - 1900 АҚШ долларына тең. Ал Лондон мен Нью-Йорк сияқты ірі қалаларда бұл көрсеткіш 2200 долларға жетеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің сөзінше, бұл нормативтер соңғы 10 жылда өзгертілмеген, ал шетелдегі инфляция деңгейі соңғы жылдары айтарлықтай артқан.
«Қазіргі уақытта сыртқы тәуелсіз аудит жүргізіліп жатыр. Әр елдегі инфляция мен өмір сүру деңгейі сарапталып, сол негізде үкіметке тиісті ұсыныс енгізіледі», – деді Саясат Нұрбек.
Министрлік сараптаманың нәтижесі бойынша «Болашақ» бағдарламасының қаржылық шарттарын жаңартуға ұсыныс жасамақ.