«Түнде ұйықтатпаймын дейді»: жолсеріктің арсыз қылығынан кейін қыз-келіншектер пойыздағы қорқынышты оқиғаларын жазды
Жолсеріктен жыныстық харассмент көрген қыздың хаттары желіге жарияланды

Әлеуметтік желіде пойызда ер адамдар тарапынан харассмент көрген қыз-келіншектер оқиғаларын бөлісіп жатыр. Threads қосымшасын қолданушының бірі құрбысының басынан өткен қорқынышты жағдайды баяндап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жолаушы қыз 12-13 сәуірде 076ХА Қызылорда – Петропавл пойызында жалғыз отырған. Айтуынша, оған жолсерік келіп, жыныстық сипаттағы әрекеттер жасаған. Ол қыздың қалауынсыз бірге тамбурға шығып, таза ауамен демалуға шақырған. Оның бетін ұстауға тырысып, жанына келіп, қарап отырған, білегінен күштеп ұстап алған. Кейін «түнде ұйықтатпаймын» деп құлағына сыбырлап әдепсіздік танытқан. Жәбірленуші аға жолсеріккке шағымданбақ болып, вагоннан вагонға өткен кезде жолсерік артынан бір елі қалмай еріп жүрген. Аға жолсерік еш шара қолданбаған. Қыз тіпті жолаушылардан көмек сұраған, өзінің қорқып тұрғанын айтқан, бірақ шағымына ешкім назар аудармай қойған.
Ақыр соңында ол өзінің Астанадағы таныс досына хабарласып, мәсеселесін айтқан соң ғана, жолсерік кешірім сұрағандай түр танытқан.
Вагон ішінде түсірілген видеода жолсеріктің «сізді қарындасымдай көремін, қалжыңдадым ғой, мені қорқытып жібердіңіз ғой» деген сылтауын естуге болады.
«Қалай ойлайсыз, бұл қалжыңға жата ма? Оның әрекетін қалыпты жағдай деп айтуға бола ма? Өз басым мұны ешқандай әзіл деп қабылдай алмаймын. Бұл — ересек ер адамның өз қызметін асыра пайдалана отырып жасаған жиіркенішті әрі кешірілмейтін әрекеті. Фотосын әдейі салып отырмын. Басқа қыздар, абай болыңыздар. Тіпті пойызда емін-еркін, қорықпай отыра алмаймыз. Ешкім қорғамайды, көріп отырған адамдар да араша түспейді. Ең сорақысы осы», - деп жазды автор.
Жазбаның астына біраз қыз-келіншек пойызда көптеген жыныстық сипаттағы қорлық көргендерін айтқан.
«Жалғыз жолға шықсам арсыз жолсеріктер тиіседі. Бірде бетімнен сүйіп, қолымнан ұстап, тиісуге ыңғайланған», «Қызылордадан қайтып келе жатқанымда вахтадан қайтып келе жатқан ер адамдар тапа-тал түсте араққа сылқиып алып тиіскен. Күйеуімнің таныстары арқылы қоңырау шалдырған соң ғана аға жолсерік келіп кешірім сұраған», «жолсерік кәмелекет толмағанымды айтқаныма қарамастан, түн ішінде оятып, әңгіме айтуға шақырған», деп жазып жатыр.
Осыған ұқсас ондаған, жүздеген пікір бар.
Көліктегі полиция департаменті тиісті шаралар қолдану үшін авторға болған оқиғаға байланысты арыз-шағым жазуды ұсынған.
Еске салсақ, 2018 жылы қыркүйекте «Тұлпар-Тальго» пойызында екі жолсерік 35 жастағы әйелді зорлап, іс қоғамда қатты резонанс тудырды. Ақтөбеге бағыт алған пойызда жолсеріктер Жетес Үмбетәлиев пен Қолқанат Құрманиязов жолаушы әйелді түнде купеде кезекпен зорлаған. Оларды Қостанай соты Қылмыстық кодекстің 120-бабы 1-бөлігі («Зорлау») бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысына 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда сот үкімі қоғам тарапынан өткір сынға ұшырады. Жәбірленушінің апелляциялық шағымнан кейін Қостанай облыстық соты алғашқы үкімнің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберді. Қосымша тергеу нәтижесінде айыпталушылардың әрекеті Қылмыстық кодекстің 120-бабы 2-бөлігі 1-тармағына («Жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, зорлау») ауыстырылды. Сот үкімімен олар 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
2022 жылы Қолғанат Құрманиязов жазасының жартысын өтеген соң шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. Жетес Үмбетәлиев жазасын толық өтеп, 2023 жылы түрмеден шықты.
Бұл оқиға пойыздардағы қауіпсіздік мәселесін қайта көтеріп, кең талқыға түсті. Қоғам тарапынан әйелдердің пойыздағы қауіпсіздігіне қатысты талаптар күшейгеннен кейін, 2021 жылы қауіпсіздік шарасының бір түрі ретінде «Қазақстан темір жолы» компаниясы әйелдерге арналған арнайы вагондарды енгізген.
Алайда әйелдер вагонының саны бар болғаны - 11 дана, әр пойызға біреуден ғана келеді, бүкіл теміржол жүйесінің аз ғана бөлігін қамтиды. Республикалық маңызды бағыттардың көпшілігінде, атап айтсақ, батыс пен оңтүстік арасындағы пойыздарда немесе аймақаралық кешкі пойыздарда әлі жоқ.
2024 жылдың алғашқы тоқсанында бұл вагондарға 70 мыңнан астам әйел жолаушы отырып, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш екі есеге артқан. Арнайы вагонға сұраныстың жыл өткен сайын артып келе жатқанын ескерсек, мұның тек уақытша әрі шектеулі шешім екеніне көз жетеді.
Әйел жолаушылардың толық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тек жеке вагонмен шектелмей, пойыз ішіне бейнебақылау орнату, жолсеріктерді мінез-құлқын тексеру, құқық қорғау тетіктерін қолжетімді ету сынды кешенді шаралар қажет.