Ауруханаға жеткізілген екінші науқастың жағдайы біршама тұрақты
28 мамырда Ақтөбе хром қосындылар зауытының цехында төрт жұмысшы қаза тауып, екі адам ауыр жағдайда жедел жәрдем ауруханасына жатқызылғаны хабарланды. 3 маусым күні ауруханаға жатқызылған екі науқастың бірі көз жұмды. Бұл туралы Ақтөбе облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
«Зардап шеккендердің бірі - 1988 жылы туған азамат, ол қайтыс болды. Оның денесінің 60 пайызын қатты күйік шалған. Екінші жәбірленуші 1984 жылы туған азамат, оның жағдайы біршама тұрақты. Оны реанимациядан бөлімге ауыстырамыз», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін облыстық Полиция департаменті хабарлағандай, оқиға 50 текше бак ішіндегі тазалау жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік техникасының бұзылуы салдарынан болған.