«Не жерді берген жоқ, не ақшамызды қайтарған жоқ»: Алматыда жалғызбасты ана төрт баласымен далада қалды
Редакциямызға хабарласқан көпбалалы ана жер иесінен ақшасын ала алмай қатты зардап шегіп отырғанын айтты

Осыдан бірнеше ай бұрын Azattyq Rýhy редакциясына Алматы қаласынан жалғызбасты әрі көпбалалы ана хабарласып, мұңын шақты. Айтуынша марқұм күйеуі үй салу үшін жер телімін аламын деп жер иесі – Сағатбекова Ардақ Бақбергенқызының орынсыз әрекетіне тап болып, жылдар бойы жинаған ақшасынан айырылған екен. Ақшаны қолына ұстатса да жерді сол қалпы бермеген. Ал сап-сау жүрген күйеуі осы жағдайдан кейін қатты қайғырып, қатерлі ісік ауруына шалдығып, былтыр көктемде мезгілсіз өмірден өткен екен. Тілшіміз жағдайдың анық-қанығын анықтауға тырысты.
«Ақша да жоқ, үй салатын жер де жоқ»
Редакциямызға хабарласқан көпбалалы ана Назым Найманбаева жер иесінен ақшасын ала алмай қатты зардап шегіп отырғанын, соның салдарынан әлі күнге дейін баспанасыз, туысының үйінде амалдап күн көріп жүргенін айтып, көз жасына ерік берді.

Фотода: марқұм Бауыржан Досжанов пен жұбайы Назым Найманбаева
«Марқұм күйеуім Бауыржан Досжанов, қайын ағам және жездесі – үшеуі үй салатын жер іздеп жүріп, Алматыдағы Айгерім-2 ықшамауданы, Байтенов көшесі, 14/91 мекенжайындағы жер сатылатынын естіп барады. Жердің иесі – Ардақ Сағатбекова сатылатын участогын 21 миллион теңгеге бағалады. Бұған тараптардың бәрі келіседі. Алғашқы жарна ретінде 6 миллион 500 мың теңге берсе, Ардақ Сағатбекова жердің құжатын екі айда дайындап беретінін айтып, уәде берген. Ал қалған сомасын бөліп-бөліп төлейтін болып келіседі.
2021 жылдың 24 мамырында үшеуі барып, 6 миллион 500 мың теңгені санап береді. Ардақ Сағатбекова сол жерде алғашқы жарнаны есептеп, қолхат жазып берді. Ал ақша беру процессін куәгердің қатысуымен видеоға түсіріп алды.
Бірақ арада 1 жыл өтсе де, жердің құжатын әр ай сайын сұраған кезде, жер иесінен тек «күтіңдер» деген жауап естіп отырдық. Бір жылдан кейін, яғни 2022 жылдың 4 тамызында Ардақ Сағатбекова марқұм жолдасыма қоңырау шалып, құжат дайын болып қалды деп тағы 1 миллион теңге сұрайды. Сөзіне сенген күйеуім сұраған ақшаны сол күні қолына ұстатып, қолхат жаздырып алады», - дейді Назым Найманбаева.
Айтуынша, бас-аяғы 7 миллион 500 мың теңгені алған соң жер иесі тағы да бос уәдеге басқан. «Күнде ертеңмен» көпбалалы отбасыны алдап келген.
«Бір миллион теңгені берген соң арада бірнеше ай өткеннен кейін жолдасым қатерлі ісік дертіне (рак) шалдығып, аурухана төсегінен бір-ақ шықты. Жағдайы ауырлап, ауыр операциялар жасалды. Ауруханадан шыққан соң, Ардаққа қайта хабарласады, бірақ ол тағы да «күтіңдер» деп уақыт созады. Осылайша 2023 жылы да жағдай өзгеріссіз қалды. Жер иесі тек «құжат шығайын деп қалды, жақында дайын болады» деген уәдемен алдап жүрді.
2024 жылдың наурыз айында жолдасым жер иесіне барып, ақшаны қайтаруын немесе сотқа шағым түсіретінін айтады. Ардақ сотқа бермеуін өтініп, бір ай ішінде екі қолхатта көрсетілген сома – 6 миллион 500 жүз мың теңгенің және екінші мәрте берілген 1 миллион теңгенің үстіне өтемақы ретінде қосымша 1 миллион 500 мың теңге қосып беретінін, осылайша жалпы сомасы 9 млн теңге қайтаратынын айтып, уәде береді және қолхат жазады. Екі қолхат та және алғаш рет ақша беру процесінде түсірілген видео да қазір біздің қолымызда бар.
Бір ай өткен соң, Ардақ 3 миллион теңгені қайтарып, қалған 6 миллион теңгені 2024 жылдың 1 мамырына дейін қайтарамын деп уәде береді. Бірақ ол уәде бүгінге дейін сол қалпы орындалмай келеді», - дейді қайғыдан қан жұтқан жалғызбасты, көпбалалы ана.
Арада бірнеше апта өткен соң дерті асқынып кеткен Бауыржан Досжанов мезгілсіз дүние салды. Марқұмның жолдасы Назым Найманбаева жер иесі – Ардақ Сағатбекованың ақшасын қайтармай отыруы үлкен соққы болып тигенін, күйеуінің өліміне себеп болған басты проблемалардың бірі болғанын айтты.
«Осы жағдайға қатты қайғырған күйеуімнің денсаулығы күрт нашарлап кетті. Жолдасымның денсаулығы сол қалпы жақсармай қойды. Ішегінде пайда болған қатерлі ісік басқа ағзаларға өтіп, метастаз тарап кеткен. Қатерлі ісік аш ішек, тоқ ішек, бүйрек, бауыр ағзаларына, тіпті сүйегіне дейін өтіп кеткен. Салдарынан жолдасым ауыр дерттен айыға алмай, 2024 жылдың 22 мамырына қараған түні 45 жасында қайтыс болды.
Артында өзім жесір қалсам, төрт балам әкесіз қалды. Төрт баламның үлкені – он бес жаста, қазір оныншы сыныпта оқиды. Ал ең кіші балам небәрі бір жарым жасында жетім қалды. Балаларымның ешқайсысы кәмелет жасына толмаған. Басымызда баспанамыз жоқ. Туысымыздың бір бөлмелі «времянкасында» өмір сүріп жүрміз. Марқұм жолдасымның бала-шағама баспана алып берсем деген арманы сол қалпы орындалмай кетті. Отбасымызға жер иесі – Ардақ Сағатбекованың ақшамызды әлі күнге дейін қайтармай отыруы үлкен соққы болып тиді. Соның кесірінен күйеуімнен айырылдым», - деген жалғызбасты ана телефонның арғы бетінен жылап жіберді.
Күйеуін төрт жылдан бері бос уәдемен алдап келген Ардақ Сағатбекова қазір өзіне де «күнде ертең» дейтін көрінеді. Төрт жылдан бері не ақша жоқ, не үй салатын жер жоқ. Ал жесір әйел шиіттей төрт баласымен туысының үйінде жан бағып отыр.
«Жолдасым қайтыс болғаннан кейін, ай сайын Ардақ Сағатбековаға хабарласып, ақшаны қайтаруын сұрасам, ол әртүрлі сылтау айтып, «ақша түспей жатыр, тауар беріп едім, соның төлемін күтіп отырмын» деп әлі күнге дейін бітпейтін сылтауын айтып, созып келеді. Бұл ақша біздің баспаналы болуымыз үшін өте қажет. Төрт баламмен ескі времянка үйден көшіп, жаңа үйге қоныс аударғымыз келеді.
Өзімізге тиесілі, әлі күнге дейін ала алмай жүрген 6 млн теңге ақшамды (өтемақымен бірге есептегенде) қайтаруын сұраймын. Ал ақшаны қайтармаса, полициядан Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша істі сотқа жіберуді сұраймын.
Бір ай бұрын Алматы қаласының Наурызбай аудандық Полиция басқармасына арыз түсірдім. Қазір жауабын күтіп отырмын», - дейді кейіпкеріміз.
Қарсы тарап не дейді?
Біз проблеманың екінші шетін білмек болып, Ардақ Сағатбековаға телефон арқылы хабарласқанымызда мынандай жауап алдық:
«Мен ол адамға ақшасын бердім. Ол ақшасын қайтарып алған. Дәлел ретінде оның қолхаты да бар. Жағдай ол әйел айтқандай болған жоқ», - деді Ардақ Сағатбекова.
Біз оқиғаның, жалпы осы жағдайдың қалай өрбігенін білу үшін қосымша сұрақ қойғанымызда, ол әңгімеден қашып, телефон тұтқасын тастай салды.
Содан What’sApp мессенджері арқылы жазып, қолхатты қайта-қайта сұратқанымызда арада бір күн өткеннен кейін ғана белгісіз бір телефон нөмірін жіберіп, осы кісіге хабарласуын сұрады. Өзіне хабарласып, ала алмаған соң бізге берген нөмірге хабарластық. Тұтқаны Ардақ Сағатбекованың ағасы ретінде таныстырған ер адам алды. Аты-жөні – Абзал Сағатбеков Бақбергенұлы.
«Мен – Ардақ Сағатбекованың ағасымын. Жерге алғытөлем (аванс) ретінде жалпы сомасы 7 млн 500 мың теңге алғанымыз рас. Содан Бауыржан күте алмаймын, ауырып жүрмін, жағдайым жоқ деген соң, ақшаңды ұстап қойдық, оны 9 млн теңге етіп қайтарып береміз, күте тұр дедік. Бір айдан кейін әйелі екеуіне 3 млн теңгесін қайтарып беріп, қолхатын алғанбыз. Содан кейін ол қайтыс болып кетті. Біз оны білмейміз. 6 млн теңгесін әлі қайтарған жоқпыз», - деп Абзал Сағатбеков қарындасының сөзін жоққа шығарып, шындығын айтты.
Марқұмның жұбайы, көпбалалы ана 6 млн теңгені «әне қайтарамын, міне беремін» деп созбақтап жүргенін айтып, шағымданған. Біз Абзал Сағатбековтен осыны нақтылап, қалған 6 млн теңгені қашан қайтаратынын сұрадық.
«Бір-бір жарым айда қайтарып беремін. Қазір Астанадамын. Шамамен 15-20 күнде Алматыға барамын. Наурыз айына дейін созбаймын. Оған дейін онсызда қайтарамын деп жоспарлап отырмын. Қайтыс болып кеткен кісінің ақшасы. Ол кісінің ақшасын қарындасым емес мен алдым», - дейді Абзал Сағатбеков.
Сөз ыңғайы келгенде айта кетейік, марқұм Бауыржан Досжановтың жұбайы бастапқыда бізге хабарласып, жағдайын айтқан соң біз уақыт жоғалтпай, Ардақ Сағатбековаға хабарласқанда 2025 жылдың 22 қаңтары болатын. Ал ағасымен тілдескенде 2025 жылдың 23 қаңтары еді.
Абзал Сағатбеков журналистке сес көрсетті
Абзал Сағатбеков сөз арасында мақала жазылып, сайтқа жарияланар болса, сотқа беретінін айтып, бізді қорқытып өтті.
«Осыдан мақала жазылар болса, шынымды айтайын, мен сол күні сені сотқа беремін, уәде беремін», - деп Абзал Сағатбеков екіленді.
Сөз соңында наурыз айының басында қайтарып беремін деген уәдесін алдық.
Арада 15-20 күн өтті-ау деп 17 ақпан күні хабарласқанымызда «наурыздың басында қайтарып беремін» деген сөзін еске алды.
«Бір айдан кейін наурыздың басында қайтарамын деп айттым ғой. Ең соңғы күн – 5 наурыз. Міне осы күні қайтарамын», - деген кезекті уәдесін берді.
Уақыт сырғып, 2025 жылдың 5 наурызы да болды. Көпбалалы анаға хабарласып, мән-жайды біліп едік, «ақша да жоқ, өздері де жоқ» деген ренішті дауысын естідік.
Содан Абзал Сағатбековтің өзіне бірнеше мәрте хабарласып едік, телефон тұтқасын көтермей қойды. What’s APP арқылы жазғанымызда тек ертеңінде ғана мынадай жауап алдық:
«Сен бауырым, қоқан-лоқы көрсетіп жатырсың. Мен сені сотқа беремін ертең. Қазір көрдім мынаны (ред. – жазған хатымызды)», - деп өзімізге тағы да сес көрсетті.
Арада бірнеше сағат өткенде ағалы-қарындас Абзал мен Ардақ Сағатбековтерден тиесілі ақшамды ала алмай отырмын деген Назым Найманбаева өзімізге хабарласып, 20 наурыз күні ақшамды қайтарып беремін деп айтты деген сөзін естідік.
Бірақ өкінішке қарай, бұл да Абзал Сағатбековтің кезекті бос уәдесі болып шықты. Ол уәдесін сол қалпы орындаған жоқ.

Фото: Отбасының тұрып жатқан үйі
Полиция тергеу жүргізіп жатыр
Біз осы орайда, Алматы қаласының Полиция департаментіне осы жағдайға қатысты сауал жолдадық. Жауабы төмендегідей:
«Азаматша Н.Б. Найманбаеваның арызы негізінде Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру дерегі сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай реестріне тіркелді.
Қазіргі уақытта аталған алаяқтық фактісі бойынша істің шынайы мән-жайларын анықтау және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту мақсатында кешенді жедел-іздестіру және тергеу шаралары жүріп жатыр.
Айта кету керек, тергеу Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасының талаптарын бұзбай, жан-жақты, объективті және толық жүріп жатыр.
Егер азаматша Н.Б. Найманбаева қылмыстық істі тергеп жатқан полиция қызметкерлерінің әрекеттерімен келіспеген жағдайда, ол жоғары тұрған органға немесе аудандық прокуратураға жүгінуге құқылы», - дейді Алматы қаласының Полиция департаменті.
Біз редакциямызға жүгінген көпбалалы ананың ісін бақылауда ұстаймыз. Марқұм күйеуі адал еңбегімен тапқан ақшасын қайтарып, балаларына баспана алып беру үшін Назым Найманбаева соңына дейін күресіп, қажет болса қалалық прокуратура мен Бас прокуратураға да жүгінбек.