«Ембімұнайгаз» қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін 1,3 млрд теңге төледі
Компания өкілдері қоршаған ортаға келген зиянды өз еркімен өтеп бергенін айтты
Атырау облыстық прокуратурасы «ЕмбіМұнайГаз» АҚ-ның алау қондырғысында құрамында күкірт мөлшері жоғары 1,3 миллион текше метрден астам газдың заңсыз жағылғанын анықтады. Бұл туралы прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде мемлекет кірісіне 1 млрд 281 млн теңге көлемінде қоршаған ортаға келтірілген залал өндіріліп алынды.
Бұл ақпаратты azh.kz сайтына берген жауабында компания өкілдері де растап отыр.
«Ембімұнайгаз» АҚ 13.06.2018 - 09.10.2018 ж. аралығында ұзаққа созылған соттың тергеу жұмыстарының нәтижесі бойынша Прорва кен орнындағы ілеспе газды кешенді дайындау қондырғысында тазартылмаған газды жағу арқылы қоршаған ортаға келтірілген зиянды өз еркімен өтеп берді. Бұл қателік бас мердігер тарапынан газды күкірттен тазарту жүйесін уақтылы іске қосу бойынша келісімшарттың талаптарын тиісті орындамау салдарынан болып отыр. Қондырғыны іске қосу жұмыстары 2017 жылдың маусым айында басталды. Жобаның бас мердігерінің күкірт өндірісі, балқыту және түйіршіктеу қондырғысы – LOCAT жүйесін іске қосу міндеттемелерін дер кезінде орындамауынан жұмыс ұзарып кетті. Нәтижесінде, бұл қондырғы 2018 жылы 31 желтоқсанда пайдалануға берілді. LOCAT қондырғысы іске қосылғанда «Ембімұнайгаз» АҚ алау қондырғыларында газдың заңсыз жағылуы толығымен жойылды. Қазіргі уақытта LОCAT бірқалыпты режимде жұмыс істеп тұр, мұнда тауарлық газ, тұрақты газ конденсаты және түйіршіктелген күкірт өндіріледі», - делінген жауапта.