БҚО тұрғыны адам өлтіргенін жасыру үшін өз көлігін өртеп жіберген
Жүргізуші жарақат алған адамға көмектесудің орнына, оқиға орнынан қашып кеткен
Батыс Қазақстан облысының тұрғыны көлігімен адам қағып өлтіріп, оны жасыру үшін автомобильді өртеп жіберген, деп жазады «Мой Город» порталы.
БҚО Полиция департаменті басшысы Махсудхан Аблазимовтың айтуынша, былтыр желтоқсанда ВАЗ-2112 автокөлігі Орал-Желаево трассасымен келе жатып, 63 жастағы ер адамды қағып кеткен. Жүргізуші жарақат алған адамға көмектесудің орнына, оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленуші ауруханада есін жимай көз жұмды.
Ал жүргізушіні ұстау ұзаққа созылған. Ол қылмысты жасыру үшін көлігін өртеп, өзі жасырынып жатқан. Арада бірнеше ай өткенде Желаево ауылының маңындағы орманды жерден өртенген ВАЗ-2112 автөкөлігі табылды. Күдікті 38 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ол аталған қылмысты істегенін мойындаған. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.