Астанада алимент төлемей жүрген талай әкенің ақша жасыратын жері әшкере болды
Олардың қулығын прокуратура жария еткен

Астанада балаларына алимент төлемеу үшін табысын электронды әмиянға жасырған 170 әке 350 млн теңге табысын жасырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратураның мәліметіне сүйенсек, алимент пен жалақыны жасырып, қарыздан жалтарудың кең таралған әдістерінің бірі – электронды ақша жүйесін пайдалану.
«Тексеру барысында «Simply» электронды әмияндарын пайдаланып, кірістерін жасырған 170 борышкер анықталған. Олардың жалпы қарызы 250 миллион теңгені, ал жасырылған кірістері 350 миллион теңгені құраған. Тағы бір әдіс – онлайн-казино мен букмекерлік кеңселер арқылы қаражат айналымын жасыру. 500 борышкердің жалпы қарызы 1 миллиард теңге болған, бірақ, олар құмар ойындарға 1,5 миллиард теңге жұмсаған. Мысалы, бір борышкер 5,7 миллион теңге қарызы бола тұра, тек бір букмекерлік платформа арқылы 168 миллион теңге айналым жасаған. Сондай-ақ, курьерлік қызметтерде жұмыс істейтін борышкерлердің табысын жасыру фактілері тіркелді. Екі борышкер 8 млн теңге көлемінде қарыздарын жасырып, «Wolt» жеткізу қызметінде жұмыс істеген», - деп хабарлайды Астана қаласы прокурорының көмекшісі Нұрлан Дәлуұлы.
Бұдан өзге, Нұрлан Дәлуұлының айтуынша, қалада 10 кәсіпкер 230 миллион теңге табыс таба отырып, 50 миллион теңге қарызын төлемеген. Кейбір борышкерлер мүлікті жалған мәмілелер арқылы жасыруға тырысқан.
«Мысалы, бір борышкер 14,6 миллион теңге алимент қарызы болғанына қарамастан, Астанадан тұрақ орын сатып алған. Тағы бір борышкер көлігін сатқанымен, өз балаларына 2 миллион теңге қарызын өтемеген», - дейді Нұрлан Дәлуұлы.