Алматының прокуратурасы фейк-кәсіпкерлердің зәулім үйлерін мемлекетке қайтарып берді (ВИДЕО)
Бұл үйлердің жалпы құны 1 млрд теңгеден асатын болған

Алматы қаласының прокуратурасы кезінде қылмыстық топ пен жалған кәсіпкерлер заңсыз алған қымбат үйлерді мемлекет меншігіне қайтарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, бұл үйлер мен жер телімдерін заңсыз алған қылмыстық топ 2017 жылы сотталған. Ұйымдасқан қылмыстық топ пен жалған кәсіпкерлер түрлі жалған мәмілелер жасай отырып, заңсыз жолмен тапқан ақшаны заңдастырған. Мемлекетке 27,7 млрд теңге шығын келген.
«Қылмыстық іс аясында үй құрылыстары бар жер учаскелері тәркіленген болатын. Алайда құны 1 млрд теңгеден асатын жылжымайтын мүлік екі жылдан астам уақыт бойы мемлекет меншігіне берілмеген. Ал оны тәркілеуге қатысты іс заңсыз тоқтап қалған», - деп жазады прокуратура.
Осыған байланысты құзырлы орган бұл заңсыздықты жойып, қымбат мүлікті мемлекетке қайтарып берген.