$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.06.2020, 15:54
Оқиғалар

«Қазақстанда 19 ветеринарлық зертхана талапқа сай емес». Министрлік ШҚО шаруаларының шағымына жауап берді

Республика бойынша мал қанына сынама жасайтын 178 зертхана бар

«Қазақстанда 19 ветеринарлық зертхана талапқа сай емес». Министрлік ШҚО шаруаларының шағымына жауап берді

Тозығы жеткен, ескірген зертханаларға санитарлық бақылау департаменті тарапынан жиі салынған айыппұлға байланысты жабылып тынған. Ал Шығыс Қазақстан облысында осыдан 7 жыл бұрын басталған ветеринарлық зертхана құрылысын аяқтау үшін бюджеттен тағы да миллиондаған ақша жұмсалмақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бұған дейін ШҚО Қатонқарағай ауданының шаруалары мен мал дәрігерлері өңірдегі ветеринарлық зертхананың жабылуына байланысты қиын жағдайға тап болғандарын айтып, шағымданған еді. Олардың айтуынша, аудандағы бұрынғы ветеринарлық санитарлық сараптау орындары екі ай бұрын жабылып, ал мемлекеттен 160 млн теңге бөлінгенмен, модульді зертхананың құрылысы сол күйі аяқсыз қалған. Шығыстағы шаруалардың шағымына тиісті министрлік жауабын берді. Ауыл шаруашылығы министрліне қарасты республикалық ветеринариялық зертхананың бас директоры Нұрлан Сыбановтың сөзінше, шығыстағы шаруалардың шағымы орынсыз. Өйткені, Қатонқарағай ауданындағы зертхана жабылғанымен, малшылар мен ветеринарлар сынаманы Алтай қаласына тасымайды.

«Қан сынамасын ветеринариялық зертханаларға шаруалар, фермерлер, мал иелері жеткізбейді. Қан сынамасын ілеспе құжаттарымен бірге тек жергілікті атқарушы органдар (бұдан әрі – ЖАО) құрған ветеринариялық ұйымдардың дәрігерлері барлық тасымалдау талаптарына сай, арнайы жабдықталған автокөліктермен жеткізіп жүр. Сынама термочемодандарға салқындатылған күйде салынып, диагностикалық зерттеу жүргізу үшін Алтай аудандық ветеринарлық зертханасына  күнделікті РВЗ РМК автокөлігімен, барлық тасымалдау талаптарына сай жеткізіледі», - деді бас директор.

ҚАЗАҚСТАНДА 19 ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ЗЕРТХАНА ТАЛАПҚА САЙ ЕМЕС

Ел көлемінде мал қанына сынама жасайтын 178 зертхана бар. Сыбановтың айтуынша, тек Қатонқарағай ауданындағы зертхана ғана емес, ел аумағы бойынша талапқа сай келмейтін осындай 19 орын бар екен. Ал, өңірдегі мал ауруының алдын алуы тиіс сынама орталығы талапқа сай болмаса, олардың басшысы мен кәсіпорынға 230-дан (638 940 тг) 1600 АЕК-ке (4 444 800 теңге) дейін айыппұл салынады. Жауаптылар қомақты айыппұлдан құтылудың жолын зертхананы жауып, тек сынамалар қабылдау пунктіне айналдыру арқылы шешкен.

«Катонқарағай АВЗ ғимараты (Үлкен Нарын – авт.) 1981 жылы салынған. Әу баста зертхана құрылысы 1 қабат болады деп жоспарланған.  Қазір ғимараттың екінші жағында адамдар тұрады. Зертхана түгелдей дерлік санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай емес, микроорганизмдермен жұмыс жасауға рұқсаты жоқ. Катонқарағай АВЗ орналасқан ғимарат 1925 жылғы, ескірген, ол да санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай емес. Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлардың және қызмет көрсету сапасын бақылау департаменті тарапынан жоғарыда аталған зертханаларға ескерту жасалып, бірнеше рет нұсқама берілген. Алайда, оны жою мүмкін болмай, айыппұл салуға негіз болды. Аталған фактіні ескере отырып, зертхананы сынама қабылдау пунктіне айналдыру туралы шешім қабылданды», - делінген комитеттің ресми жауабында.

ЖЕЛГЕ ҮШҚАН 160 МИЛЛИОН. 2 ДӘРІГЕРГЕ 4 КҮЗЕТШІ

Республикалық ветеринариялық зертхананың бас директоры Нұрлан Сыбановтың айтуынша, елде жас мамандар, білікті мал дәрігерлері жетіспейді. Ал Үлкен Нарындағы екі зертхана мамандары қысқартуға ұшырағанымен, қабылдау пунктінде қайтадан 6 штаттық орын ашылған екен. Осыдан 7 жыл бұрын құрылысы басталып, 160 миллион теңге бөлінсе де, аяқталмаған заманауи модульді зертхана ғимаратын аяқтау үшін тағы 135 миллион теңге қажет. Егер қаржы уақытылы бөлініп, сметалық құжаттар дайындалса ғана, алдағы екі жылда біртипті модульді ветеринариялық зертхана іске қосылуы мүмкін.

«2018 жылы құрылысы аяқталмаған ғимаратқа техникалық зерттеу жүргізіліп, нәтижесінде, қалған жұмыстар үшін қосымша 135 миллион теңге қажет екені анықталды. Ғимаратқа кезінде тапсырысты басқа мекеме берген, ол мекеме қазір мүлдем жоқ. Құрылыстың ақшасын жегендер сотталды деп естідім, ол кезде мен бұл салада емес едім. Сондықтан нақты айта алмаймын. Құрылысты қайда жандандыру үшін біраз уақытты алатын (12-18 ай) жобалық-сметалық құжаттарды түзету және сараптау жұмыстарын жүргізу қажет. Қатонқарағай ауданының әкімі Р. Құрмамбаевпен кездесу жүргізіліп, зертхана құрылысын жергілікті бюджет есебінен аяқтау нұсқасы да қарастырылуда», - деді Республикалық ветеринариялық зертхананың бас директоры Нұрлан Сыбанов.

Тек бір ғана Қатонқарағай ауданында өзінде 320 мың бас мал (төлін есептемегенде) бар екен. Жауапты ведомствоның мәліметінше, бруцеллез ауруын анықтау үшін жүргізілген малдың әрбір басына мемлекеттен 292 теңге бөлінеді. Ал саудаға қойылған еттің сапасына базар жанындағы шағын пункттер жауапты.

Әмірболат Құсайынұлы

Серіктес жаңалықтары