00.00: Қазақстан бойынша блок-бекеттер шешілді
Дәл қазір, 31 мамырдан 1 маусымға қараған түні, сағат 00.00-де Қазақстандағы барлық блок-бекет алынды
Осы оқиғаға байланысты, Ішкі істер министрлігінің Polisia.kz ақпараттық ресурсы блок-бекетте қызмет еткен мамандармен сұхбат құрған. Нұр-Сұлтан қаласынан Қарағанды облысына қарай шығатын блок-бекеттің қызметкерлері екі жарым ай бойы күні-түні қызметте болған. Олар блок-бекеттен өте алмаған, өткен адамдардың тағдырлары туралы айтады.
Жібек Жолы ауылының жанындағы блок-бекет көлік ең көп жүретін трассаның бойында тұр. Полиция қызметкерлері қандай жағдайға тап болса да, блок-бекеттен ешкімді өткізбеу, ешкімді кіргізбеу туралы бұйрық алған.
«Бүгінгі күн есімізде ұзақ сақталанаты анық. Екі жарым айдан бері үйімізге қайтатын сағатты тағатсыздана күтіп тұрмыз. Соңғы сағаттар тіпті баяулап кетті. Бірақ, отандастарымды жаман аурудан қорғауға үлес қосқаным үшін қуаныштымын. Үйде екі қызым, әйелім және ата-анам күтіп отыр. Бәрін де сағындым», - дейді осы блок-бекеттегі аға полицей.
Оның айтуынша, екі жарым айда бекеттен өтпек болған адамдардың сан түрлі тағдырын тыңдаған. Бірақ, арасында екі жас баласымен қауышқан ананың оқиғасы есінде қалыпты.
«Әйел блок-бекетке келіп, екі баласын күтіп алды. Өзі қалада жұмыс істейді екен, ал балаларын ата-әжесіне жіберген. Бірақ, карантин осылай ұзаққа созылады деп ойламаған екен. Оның бір баласы мүгедек, ал кіші қызы тіпті әлі сәби екен. Ана мен бала қауышқандағы сәт есімнен кетпейді», - дейді ол.