Қазақстанның 200 әскері африкалық әріптестерімен бірге шетелде білім алып жүр
Олар қазір Қытай, Түркия және Ресей елдерінде оқып жатыр

Ұлттық ұланы қатарындағы мыңнан астам сарбаз Қазақстанның, сондай-ақ, Қытай, Түркия және Ресейдің жоғары әскери университеттерінде білім алып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық ұланның баспасөз қызметі хабарлағандай, шамамен 800 әскер Қазақстанның оқу орындарында, ал 30-дан астам офицер мен 200-ге жуық курсант Ресей, Түркия және Қытай елдерінде оқып жатыр.
«Қазақстандық курсанттармен қатар, біздің университетте ТМД елдері мен Африка құрлығынан келген әскерлер білім алып жатыр. Мен Қазақстан және Ұлттық ұлан атынан осы оқу орнында оқып жүргеніме мақтанамын», - дейді 5-курс курсанты Әлішер Асқарбек.
Ал, Түркияда білім алып жатқан Ғани Ұзақбай болса, бұл елдің академиясы қандай білім беріп жатқанын айтып берген.
«Түркия Жандармерия академиясында біз тіл үйрену, саптық даярлық бойынша сабақтарға қатысып, әскери тактиканы меңгерудеміз. Инструкторлар өз тәжірибелерімен бөліседі, ал қатаң тәртіп пен жоғары қарқын болашақта кез келген жағдайға бейімделуге көмектеседі», – дейді Түркия Республикасы Жандармерия және жағалау күзеті академиясының дайындық курсының курсанты Ғани Ұзақбай.