Павлодардағы психоневрологиялық орталық қызметкерлері балаларды ұрып соққан
Олар балаларды түнде төсекке байлап отырған
Павлодардағы психоневрологиялық орталық қызметкерлері жасөспірімдерді ұрып-соққаны белгілі болды. Бұл мәселе прокурорлық тексеру кезінде анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Осы жағдайдан соң үш санитар үш жарым жылға бостандығын шектеу жазасына кесілді.
«Балаларға жұдырық жұмсау тұрақты түрде болған. Ұйықтар алдында төсекке байлап, оянғанда шешуді ұмытқан. Облыстық прокуратура осы деректерге қатысты 18 қылмыстық іс қозғады. Қазіргі кезде оның 4-не сот үкімі шықты. Бір қылмыстық іс соттың қарауында. Қалған 13 іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр», - дейді облыстық прокуратураның басқарма басшысы Асхат Қоқымбаев.
Бұл жағдайды «Nur Otan» партиясы бақылауға алды.
«Біз нақты осы мекеме басшысын және оған жауапты басқарманың жетекшісін жауапкершілікке тартамыз. Оларды партия құрамынан шығаруға шешім қабылдамақпыз», - деді «Nur Otan» партиясы ОФ партиялық бақылау комитетінің төрағасы Олег Костенко.
Жергілікті атқарушы билік орталықты өндірістік аймақтан қалаға көшіруді жоспарлап отыр. Қазір оның жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.