«Кір-қожалақ, іріп-шіріп жатыр» - әскеридің отбасы мемлекет берген баспанасын айтып, шағымданды (ВИДЕО)
Видеоға қатысты көпшіліктің пікірі екіге бөлінді

Әлеуметтік желіде әскери қызметкершілерге берілетін пәтердің жағдайы нашар деп шағымданған адамның видеосы тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жас отбасы мемлекеттен берілетін тегін баспанаға көшіп келген сәтін көрсеткен. Автор пәтердің іші кір-қожалақ, ескі екенін түсіндіріп, ірі қалашықта әскерилердің балаларына арналған үйірмелер жоқ екенін де айтады.
«Әскерилерге берілетін қызмет үйдің түрі осы. Бұл үлкен әскери қалашық. Осында әдемі үйлерді көп етіп салып қойса, жас сарбаздар мен офицерлерге мотивация беретін еді. Өзіміз үшін жасап аламыз, жуынатын бөлмені көрмей-ақ қойыңыздар, өте көне, трубалары іріп-шіріп жатыр. Басқалар әскерилердің материалдық жағдайы жақсы, бай деп қызығады, бірақ осындай үлкен гарнизонда олардың балалары баратын үйірме де жоқ. Қызымды гимнастикаға берейін десем, орын жоқ дейді. Мұнда декреттік демалыста отырған әйелдер көп, балаларын ел қатарлы дамытқысы келеді», - деп жазған видеоның авторы.
Желі қолданушылары әртүрлі пікір қалдырды. Бірі «осындай үйді бергеніне шүкір ет» десе, енді бірі авторды қолдап жатыр.
«Әскери офицерлерге беретін баспаналар кеңес кезінен жөндеуден өтпеген шығар, бюджеттен бөлінген қаржыны жей бермей, толық жөндеп беруге болады ғой. 21-ғасырдамыз, бұл не сұмдық! Трубаларына дейін шіріп кеткен, тозығы шыққан баспана», деп пікір қалдырған желіде.