Лифтіде жараланған бала ертең ауруханадан шығады – дәрігер (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы №2 балалар ауруханасының дәрігері мәлім етті

Фото: скриншот

Өткен аптада жасөспірім бала лифтте тұрған бес жасар бүлдіршіннің бетін пышақпен тілгілеп кеткенін жазған едік. Бала аман-есен жазылып, ертең үйіне шығатын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы редакцияға Астана әкімдігіне қарасты №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы директорының орынбасары Медет Нұғманов айтып берді.

«Баланың жағдай жақсы, шағымдары жоқ. Бетіндегі тігістері жартылай алынды. Жараның қабыну белгілері жоқ. Бала ертең үйіне шығады деген жоспар бар», - деп хабарлады ол.

Кейін хабарланғандай, Астанадағы тұрғын үй кешендерінің біріндегі лифтіде бес жасар балаға шабуыл жасап, қолындағы пышақпен бетін тілгілеп тастаған жасөспірім психиатриялық ауруханаға түскен болатын.