Ақтауда ақ джип алып кеткен ақыл-есі кем 18 жастағы жігітті белгісіз біреу зорлаған – адвокат
Бұл туралы адвокат Ажар Әбділ жазған
![Ақтауда ақ джип алып кеткен ақыл-есі кем 18 жастағы жігітті белгісіз біреу зорлаған – адвокат](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/12/67ac4f15b2ffd647345228.jpeg)
2024 жылдың 27 желтоқсанында Ақтау қаласында 18 жастағы ақыл-есі кем жігіт зорланған. Бұл туралы адвокат Ажар Әбділ жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, сот жігіттің бала кезден ақыл-есі кем екенін анықтап, қағаз берген. Жігіттің анасы полицияға бірден арыз жазса да, тергеу бір орнынан қозғалмаған дейді. Тіпті, адвокат атап өткендей, жігітті мінгізіп алып кеткен ақ джиптің қайда бет алғаны да әлі анықталмаған.
«Осы уақытқа дейін тиісті сараптама тағайындалған жоқ. Жігітті қаланың қақ ортасында мінгізіп алып кеткен ақ джиптің қайда барғанын білу үшін камераның жазбалары да әлі алынған жоқ. Оның жазбасы тура екі ай сақталады. Мен осы істі тергеп жатқан тергеушіге телефон соғып, алдыра алмадым. Көшенің бәрінде камера бар екенін ескерсек, оқиғаның хронологиясын көру қиын емес сияқты. Алайда, осынша камера бола тұра күдіктінің жеке басы анықталмағаны әлі де ақылға сыймайды», - деп жазған адвокат.
Біз осы мәселе бойынша Маңғыстау облысының полиция департаментіне хабарласып, фактіні растадық. Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, іс зорлық-зомбылық бабы бойынша қозғалған.
«Тиісті сараптамалар тағайындалды. Істі полиция департаментінің басшылығы өз бақылауына алды. Тергеу жалғасып жатыр», - деп сендірді ПД баспасөз қызметі.