Сарбазды ұрып, керең қылып тастаған 22 жастағы сержанттың соты өтті - ол бір жылға қамалды
Сержант денсаулық шығыны ретінде сарбазға 2 млн теңге төлейді
Ақтөбедегі әскери бөлімде сержант сарбазды қатты ұрып, керең қылып тастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақтөбе гарнизонының әскери соты 22 жастағы сержантқа үкім шығарды, күдікті сарбаздың денсаулығына орташа дәрежедегі зиян келтіргені үшін бір жылға бас бостандығынан айырылды.
Aqtobesergek-жазуынша, оқиға 2024 жылы 28 тамызда казармада болған. Сержант сарбаздың төменгі ернінің томапайып тұрғанын байқап, аузында насыбай барын біліп қояды. Ол сарбазға ескерту беріп, насыбайды жұтып қоюды бұйырады, жігіт оның айтқанын орындайды. Келесі күні сержант сол сарбазды киім кептіретін бөлмеге шақырып алып, дене жаттығуларын жасатып қинайды. Әл-дәрмені таусылған сарбаз насыбайды кімнен алғанын айтып береді. Содан кейін сержант әскериді кеңсеге апарып, бәрінің көзінше басынан кітаппен ұрады және бірнеше рет бетінен шапалақпен ұрғылайды. Соққылардан кейін сарбаздың құлағы қатты шыңылдайды.
Сот-медициналық сараптамаға сәйкес, жас жігіттің сол құлағының дабыл жарғағы жарылып, жартылай керең болып қалған. Оған неврит және ішінара саңыраулық деген диагноз қойылған.
Сержант кінәсін толық мойындаған. Ол бас бостандығынан айырыла отырып, жәбірленушіге 2 млн теңге беріп, моральдық шығынын өтейді.
Жәбірленуші тарап өтемақының көлемімен келіспеді, олар 30 млн теңге сұраған. Сарбаздың адвокаты азаматтық өтемақы мөлшеріне байланысты аппеляциялық шағым түсірді. Арызда есту қабілетінің жоғалуына байланысты сарбаз бұдан былай мемлекеттік немесе құқық қорғау органдарына жұмысқа тұра алмайтындығы жазылған. Бірақ сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.