Ақтөбеде ер адам бір отбасын өрттен құтқарып қалды
Құтқарылған 7 адамның ішінде балалар мен жүкті әйел болған
Ақтөбе облысында ер азамат жеті адамды өрттен құтқарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі аймақтық ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ Ішкі және сыртқы коммуникациялар тобына сілтеме жасап.
Оқиға 23 мамыр күні сағат 04.26-да болған. Төтенше жағдайлар қызметіне Темір ауданы Шұбарқұдық ауылы Жаңақұрылыс көшесіндегі №1 жеке үйдің кіреберісі және шатыры өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түседі. Өрт орнына сағат 04.27-де ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінен 6 адам, 2 автокөлік шығады.
«Өрт сөндірушілер келгенге дейін қызыл жалынды байқаған көрші Медет Қалмұханов терезені сындырып, үйдің ішіне кірген. Ұйықтап жатқан 7 адамды, оның ішінде 3 бала мен жүкті әйелді далаға шығарып үлгірген. Ол өзінің бір отбасыны аман алып қалғанына қуанышты», - делінген хабарлмада.
Оқиға орнына алғашқы өрт сөндіру бөлімшесі төрт минут ішінде жетті. 100 шаршы метрден асатын үйдің шатыры мен кіреберістің өртенуі сағат 05.04-те оқшауланып, сағат 05.56-да сөндірілді.