$ 519.28  540.05  5.31
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Белгілі журналист Жігіткер Байтілесов туралы кітап жарыққа шықты

Кітап шығару ісі 2022 жылы қолға алынған болатын

Белгілі журналист Жігіткер Байтілесов туралы кітап жарыққа шықты
Фото: Azattyq Rýhy

Парламент кітапханасында белгілі журналист, мемлекеттік қызмет саласының ардагері, ҚР Мәдениет қайраткері Жігіткер Тумырзаұлы Байтілесов туралы естелік кітаптың тұсаукесері өтті. Оған Мәжіліс депутаттары, бұрынғы депутаттар, Аппарат қызметкерлері, отбасы мүшелері мен бірге жұмыс істеген әріптестері қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жігіткер Байтілесов 1958 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі. Парламент Мәжілісінде ұзақ жыл жемісті еңбек етті. Естелік жинаққа мемлекет және қоғам қайраткерлері, замандастары, әріптестері мен туыстарының естеліктері топтастырылған. Сондай-ақ оның сұхбаттары мен өзі туралы мақалалар да енген. Тұсаукесерге жиналғандар журналист туралы өздері куә болған оқиғаларын айтып, өнегелі өмірінен үзінділер келтірді.

«Жігіткермен Мәжілісте бірнеше жыл бірге қызмет еттік. 1983 жылы Жоғары Кеңестен бастап осында Парламентте жұмыс істеп, зейнетке шықты. Айтқан сөзінде тұратын, өзімшілдікке салынбайтын, жұмысына адал адам еді. Әдетте көпшілік мемлекеттік қызметкерлердің жұмысының қиындығын біле бермейді. Соны айту, ұл-қыздарына, ізбасарларына естелік қылып қалдыру туралы ой болды. Журналистер, көзкөргендер естеліктерін жазды. Сөйтіп, 200 данамен жарыққа шықты», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Ирак Елекеев.

Кітап шығару ісі 2022 жылы қолға алынған. Жинақта Жігіткер Байтілесовтың өмір жолындағы игі істері, бойындағы асыл қасиеттері, қабілет-қарымы мен тәжірибесі туралы әңгімелер жарияланған.

«Мен ағамызбен 16 жылдай қызметтес болыппын. Қарапайым, жауапкершілігі мол, адамгершілігі бір төбе азамат еді. Мәжілісте болып жатқан жаңалықтарды халыққа түсінікті етіп жеткізіп отыратын. Мәжіліс пен халық арасындағы көпір болды десек, артық айтқандық емес», – деді Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.

Айта кетейік, естелік кітап Парламент Мәжілісінің қолдауымен жарық көрді.

Серіктес жаңалықтары