Астанада шаштараз болуды армандаған жас қыз алаяққа 2 млн теңгесін аудара салған
Күдікті ұсталып, оның өзге де қылмыстарға қатысы бар екені анықталды
Астана қаласында тұратын 25 жастағы жас қыз онлайн курс сататын алаяқтың арбауына түсіп, 2 млн теңгесінен айырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Күдікті интернетте өзін кәсіби шаштаразбын деп таныстырып, шаш үлгісін үйрететін, шетелден киім тасымалдап сататын курс ашқан. Оның курсын сатып алған адамдарға 4 дана «Dyson» беремін деп тағы алдаған. Осының бәріне сенген бойжеткен алаяқтың есепшотына лезде 2 млн теңгесін аудара салған.
«Курстың екі күннен кейін басталатынын естіген жәбірленуші оны бір апта бойы күтіп, ақыры алданғанын түсінеді. Ол бірден полицияға жүгінеді. Алматы ауданының полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Тергеу барысында бұл алаяқтықтың жалғыз оқиға емес екені белгілі болды. Күдіктінің осындай тәсілмен тағы он адамды алдап, олардың қаржысын иемденгені анықталды», - деп хабарлайды ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.