Семейде Ертіс өзеніне көлік құлап кетті: екі адам әлі іздестіріліп жатыр
Бір адам жағаға өзі жүзіп шықты, тағы біреуінің мәйіті табылды
Қазақстан ТЖМ құтқарушылары Семейде іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгін таңғы сағат 06:00-де Семей қаласында, Ертіс өзенінің жанындағы Бейбітшілік аралында жеңіл автокөлік бетон қоршаумен соқтығысып, өзенге құлап кетті. Апат кезінде салонда 4 адам болған. Жолаушылардың бірі көліктен өздігінен шығып, жағаға жүзіп шықты. Оған медициналық көмек қажет болған жоқ», - деп хабарлады ТЖМ.
Оқиға туралы хабарлама келіп түскеннен кейін бірден оқиға орнына ТЖМ қызметкерлері барып, іздестіру-құтқару жұмыстарын бастап кеткен. Сағат 09:00-де іздеу тобы бір қайтыс болған адамның денесін тауып, судан алып шықты. Ол одан әрі тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция органдарына берілді.
Қазіргі уақытта құтқару операциясына 55 құтқарушы, 5 жүзу құралы, 2 ұшқышсыз ұшу аппараты, су асты іздеуге арналған эхолот, 10 техника жұмылдырылды.
Операцияны күшейту үшін қосымша Қасым Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімнен ҚР ТЖМ әскери қызметшілері тартылды, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысынан құтқару бөлімшелері жұмылдырылады.