«Астана LRT» ісі: Талғат Ардан соттан өзін ақтауды сұраған
Сот шешімді өзгеріссіз қалдырды
Қазақстаннан тыс жерде жасырынып жүрген «Астана LRT» экс-басшысы Талғат Ардан соттың шешімімен келіспей, аппеляциялық шағым түсірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 11 қарашадағы үкімімен Талғат Ардан ауыр салдарға алып келген қызметтiк өкiлеттiктерiн қызмет мүдделерiне қайшы пайдалану фактісі бойынша сырттай кінәлі деп танылды.
Талғат Ардан 2023 жылғы 3 мамырдағы үкіммен ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылған, қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, түпкілікті 9 жылға бас бостандығынан айырылған.
«Оның «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы қызметін атқара отырып, яғни мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлға бола отырып, LRT құрылысы жөніндегі жобаны іске асыруды бұзғаны, соның салдарынан бұрын Қытайдың мемлекеттік даму банкінен алынған 257,6 млн АҚШ доллар, яғни 85,9 млрд теңгеге баламалы «Астана LRT» ЖШС қайтармағанын және ол тиісінше нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмағаны анықталды. Осылайша, Ардан Т. қызмет мүдделеріне қайшы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, салдарынан оның заңсыз әрекеттері «City transportation systems» ЖШС-не аса ірі мөлшерде, яғни 85,9 млрд теңге сомаға материалдық залал келтіру түріндегі ауыр зардаптарға әкеп соқтырды», - делінген сот хабарламасында.
Сот үкімімен келіспеген сотталушының адвокаты апелляциялық шағым түсіріп, оны ақтауды сұрады.
Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысымен сот үкімі өзгеріссіз қалып, шағым қанағаттандырылған жоқ.