Асад режимі құлаған Сирияда жаңа наразылық басталды
Елде христиандар митингке шығып жатыр
Христиан дінін ұстанатын сириялықтар наразылыққа шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy BBC-ге сілтеме жасап.
Христиандар көп тұратын Сукайлабия қаласында Рождество мейрамына арналған шыршаны бетперде киген адамдар өртеп жіберген соң, адамдар көшеге шықты. Башар Асад режимін құлатқан «Хайят Тахрир аш-Шам» ислам фракциясы шыршаны өртеген шетелдік содырларды ұстағанын хабарлаған және діни этникалық азшылықты қорғауға уәде берген.
Сейсенбі күні наразылыққа шыққандар саны артып, оған Дамаскінің кейбір аудандарының тұрғындары қосылған.
Сирияда көп этникалық және діни топтар бар. Екі апта бұрын елді 50 жыл билеп-төстеген Асад режимі құлаған еді. Түркия билігі 25 мың сириялықтың Отанына қайтқанын хабарлаған. БҰҰ, АҚШ, ЕО мен Ұлыбританияда террористік ұйым ретінде танылған «Хайят Тахрир аш-Шамның» елді қанша уақыт басқаратыны әзірге белгісіз.