Ресейдің жүздеген тонна жүгі бар кемесі Жерорта теңізіне батып кетті
Екі адам ұшты-күйлі жоғалды
Ресейлік «Ursa Major» жүк кемесі Жерорта теңізінің халықаралық аумағына батып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy RBC-ға сілтеме жасай отырып.
Кеменің ішінде жарылыс болған. Экипаж құрамындағы 16 адамның екеуі із-түзсіз жоғалды. Қалған 14 адам Испанияның Картахена портына жеткізілген. Мұны Ресейдің СІМ-і растады.
Кеме 11 желтоқсанда Санкт-Петербургтен шығып, Владивостокқа 22 қаңтарда жетуі керек болған.
Maritime Exesutive, El Español және La Verdad деректері бойынша, Ursa Major Гибралтар бұғазынан шығысқа қарай жүзіп, Испания мен Алжирдің ортасына келгенде кеменің машина бөлімінде жарылыс болған. Кеме бағытынан ажырап, бір қапталға қисайып, суға батып кеткен. Кеменің ішінде әрқайсысы 380 тонналық порт крандары мен 45 тонналық люктің қақпақтары тиелген.