Атырау облысында қасқыр адамға шабуыл жасады
Шошынған ауыл тұрғындары қасқырды өлтіруге мәжбүр болды

Атырау облысының Индер ауданына қарасты Есбол ауылында қасқыр адамға шабуыл жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Atyrau ONLINE телеграм каналына сілтеме жасап.
Оқиға ер адамның қораға кіріп, малға жем беріп жатқан кезінде болған. Қасқырдың шабуылы салдарынан ер адам зардап шеккенімен, дер кезінде көмекке келген інісі қайғылы жағдайдың алдын алды.
Шошынған ауыл тұрғындары қасқырды өлтіруге мәжбүр болды. Зардап шеккен азаматқа дереу медициналық көмек көрсетіліп, жағдайы тұрақталғаны хабарланды.
Оқиғадан кейін ветеринар мамандар қасқырды жеткізген көлікті толықтай зарарсыздандырып, жануардың өлексесін арнайы орынға жеткізді. Қасқырдың денесі өртеліп, сараптама үшін үлгілер алынды. Қазір сараптама нәтижелері бойынша қасқырдың құтыру дертіне шалдыққан-шалдықпағаны анықталуда.