Нұрқанат Ғайыпбаевтың өлер алдындағы хатын кім жария еткені белгілі болды
Санжар Әділов хатты жариялауға рұқсат берген марқұмның туыстары дейді
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың өлер алдында жазған хатын жариялауға туыстарының өзі рұқсат бергенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Бұл туралы ол бүгін мәжіліс кулуарынан кейін журналистердің сұрағына жауап бере отырып айтты.
Оның айтуынша, Конституцияға сай, Қазақстанда әрине заң бәріне ортақ. Журналистер бұл ретте одан кейбір істерге келгенде полиция «тергеу құпиясы» деп мүлде мәлімет бермейтінін, ал Ғайыпбаевтың өліміне қатысты жеке хатын бірден жарияп салғанының себебін сұраған.
«Біріншіден, Қазақстанның Конституциясына сай, заң бәріне ортақ. Ал, хатқа қатысты нақты жауабым бар. Хатты бізге туыстарының өзі беріп, жариялауға өздері келісті. Яғни, оны туыстарының келісімімен жария еттік. Алматы облысының полиция департаменті бұл мәліметке қатысты тез арада комментарий бергенін білесіздер», - деді Әділов.
Естеріңізге сала кетейік, екі күн бұрын Талғар маңынан 30 жастағы ер адамның мәйіті табылған еді. Ол қазан айында адам қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев болып шықты. Полиция іс аясында марқұмның өлер алдында туыстарына жазған хатын жариялаған.