Жамбыл облысында ірі компания 85 тонна артық жүгін тегін алып өткісі келген
Олар оқиға орнындағы көлік инспекторларына жүгіміз өлшеніп қойған деп дес бермеген
Қазақстанның көлік министрлігі Жамбыл облысындағы жүк тасымалына қатысты үлкен дауға орай комментарий берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Көлік министрлігінің Көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері ауыр салмақты жел генераторларының бөлшектерін тасымалдайтын «М нефтьСервис» ЖШС-нің көлік құралдарын өлшеді. Өлшеу нәтижесі бойынша орта есеппен алғанда көлікке тиелген артық жүк мөлшері 85 тоннаны көрсетті. Осылайша, ел бюджетіне түсетін қосымша қаражат 26 млн 850 мың теңге болды», - деп хабарлайды көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұл компанияның өкілдері осыған дейін БАҚ арқылы видеоүндеу жариялап, құжаттары түгел әрі дұрыс екенін және жүкті бұған дейін өлшетіп алғанын айтқан еді.
Оқиға орнында көлік инспекторларының «жүкті өлшейміз» деген талабын орындамағаны үшін және тағы да бірнеше фактіге қатысты компанияның үстінен 22 хаттама жазылғаны белгілі болды.
«Хаттамада: арнайы рұқсаттағы салмақ параметрлері 85 тоннаға асқаны; жүргізушілердің еңбек және демалыс тәртібін бұзуы; лауазымды адамдарға жұмыс барысында кедергі жасау; халықаралық тасымалдауға рұқсат картасының болмауы сияқты заң бұзу фактілері жазылған. Бұған дейін бұл тасымалдаушы өлшеу рәсімінен бас тартып, БАҚ арқылы шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратты», - дейді өз позициясын ұсынған көлік министрлігі.