Ақтауда қатты жел автобус аялдамасын ұшырып әкетті: зардап шеккендер бар (ВИДЕО)
Бір адам ауруханаға түсті
Ақтау қаласында ауа райының қолайсыздығынан автобус аялдамасы ұшып кетті. Полиция осыған қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Автобус аялдамасы қатты желге шыдас бермеген, салдарынан аялдама маңындағы адамдар зардап шекті. Желіде тараған видеода екі адамның жерде жатқаны көрінеді. Олардың бірін кейінірек жедел жәрдем бригадасы алып кетті.
Маңғыстау облысының полициясы бұл фактіге қатысты қылмыстық іс қозғады.
«Аялдама ауа райының қолайсыздығына байланысты құлаған. Бір адам зардап шекті, ол облыстық ауруханаға жатқызылды. Сапасыз құрылыс фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді», - делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, бүгін Ақтауда табиғат тосын мінез танытып тұр. Қатты желден үйлер жарықсыз қалып, шатырлар ұшып, ағаштар құлаған.