$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.05.2020, 17:11
Оқиғалар

Талғарда тау қыртысы кәріз суы кесірінен опырылып жатыр

Ауласын лай басқан тұрғындар көмек сұрайды  

Талғарда тау қыртысы кәріз суы кесірінен опырылып жатыр

Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі тілшілері Алматы облысы Талғар ауданының Бесағаш ауылында жар опырылып, жер үйлердің ауласын басып қалғаны туралы бірнеше рет жазған болатын. «Бурабай» тұрғын үй кешеніне қарасты жер үйлер тауға жақын салынғандықтан, топырақ опырылып үйдің ауласына құлай береді.

Осыдан үш жыл бұрын тау беткейінен су шығып, топырақтың қыртысын бұзып, босаған жер жынысы тұрғындарға қауіп төндірумен келеді. Алғаш мұнда  450 текше метр топырақ құлаған. Қорқынышпен өмір сүріп отырған  бесағаштықтардың сөзінше, жергілікті атқарушы билік мәселені шешуді созбаққа салып отыр.

«Таудың топырағы жылына бірнеше рет құлап, есік алыдан басып қала береді. Жергілікті әкімдік пен төтенше жағдай қызметінің мамандары топырақты тиеп алып кетеді. Одан басқа шара қолданылмайды. Осыдан үш жыл бұрын 31  мамырда дәл менің үйімнің тұсынан белгісіз бір су пайда болды. Топырақ арасынан үш-төрт жерден бұлақ сияқты бұрқылдап шығады да тұрады. Міне, үш жыл болды.  Соның қайдан шығып жатқанын білетін маман жоқ. Жоба жасалып жатыр, анықтаймыз дейді. Біз қауіптеніп өмір сүріп отырмыз, қашан үйімізбен топырақ басып қалар екен деген қорқыныш ойымыздан кетпейді. Қанша шыдауға болады. Кеше тағы да құлады. Жиырмадан астам жүк көлігімен топырақты алып кетті. Сонымен болды» ,- дейді тұрғын Гүлбақыт Оразымбетова.

Суретте: Гүлбақыт Оразымбетова, тұрғын

Ауданда гидротехникалық және селден қорғау жобаларын жасаумен айналысатын «ҚазГидроСпас» ЖШС мамандары бұл аумақтың жағдайынан хабардар екенін айтады. Компанияның бас директоры Бақыт Нұрманов Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұқбатында Бесағаш ауылы Баянауыл 16 мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын үйдің ауласына судың қайдан келіп жатқанын айтты.

«Ол жерде жоғарғы жақта канализация бар. Таудың жоғарғы жағында бір көше орналасқан. Сонда бірнеше үй бар, солардың канализациялық суы бір құдыққа келіп құйылып жатыр. Үш жыл бұрын ол жерде бір беткейдің құламасы пайда болған. Сол жерді біздің компания беріктендіріп, жұмыстар жүргізген едік. Енді кеше біздің жергілікті әкімдік өтініш жасаған соң, барып зерттеп көрдік. Ол жерге келген сулар жоғарғы жақтағы үйлердің кәріз суынан кетіп жатыр екен, сол топыраққа сіңгені сіңіп, қалғаны сол жаққа барып шығады», - дейді гидротехник-инженер.

Алматы облысы Талғар ауданы әкімінің баспасөз қызметі қалыптасқан жағдай бойынша, сараптаманың әлі бітпегенін айтты. Үш жылдан бері бұл мәселенің шешілмеуіне қаржы қол байлаулы болып келген. Бесағаш ауылдық округіне қарасты Бурабай қалашығындағы қауіпті аймақты беріктендіру бойынша жоба әзірленген. Оның құны құны 42 млн теңге. Қазір ол мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Содан кейін қаражат бөлінсе, мұнда топырақты нығайту жұмыстарына 315 млн теңге жұмсалуы мүмкін.

Айта кетейік, Бурабай қалашығында 120 үй бар. Ал жардың қабағынан  барлығы 24 үй үшін жер телімдері сатылған. Осыдан 7 жыл бұрын қоныстанған тұрғындар топырақ көшу қаупімен өмір сүріп жатыр.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары