Ақмола облысында төрт көліктің қатысуымен жол апаты болды: зардап шеккендер бар

Azattyq Rýhy

Апатқа ұшыраған көліктердің бірінде Астрахань ауданы әкімдігінің қызметкерлері болған

Ақмола облысында төрт көліктің қатысуымен жол апаты болды: зардап шеккендер бар
Фото: istockphoto.com

Ақмола облысындағы Екатеринбург – Алматы тас жолында төрт көліктің қатысуымен болған жол апатынан үш адам зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақмола облыстық ПД мәліметінше, жол-көлік оқиғасы жұма күні Астрахань ауданында болған.

«Mersedes Benz маркалы автокөліктің жүргізушісі басып озу маневрін жасап, қарсы бағытта келе жатқан  Toyota Camry маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Содан кейін көліктер тағы екі автокөлікті соққан. Жол апаты салдарынан үш жолаушы жарақат алды. Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - делінген ПД хабарламасында.

Ал Nayzakokshe-нің желідегі парақшасында аталмыш жол апатында Астрахань ауданы әкімдігінің қызметкерлері зардап шеккенін жазады.

«Апатқа ұшыраған Астрахань ауданы әкімдігіне тиесілі Toyota Camry көлігінің рөлінде болған Астрахан ауданы әкімдігі аппаратының бөлім басшысы «сол жақ жіліншіктің сынуы» диагнозымен, ал Астрахань ауданы әкімінің орынбасары «бас терісінің ашық жарақаты» диагнозымен  ауруханаға жеткізілді. Ауруханаға тағы бір 2009 жылы туған жолаушы жеткізілді, ол да басынан жарақат алған. Зардап шеккендердің жағдайы тұрақты. Кей ақпарат бойынша, әкімдік қызметкерлері Астанадағы шаруашылық жәрмеңкесіне бара жатқан», - делінген ақпаратта.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.