Дропперлер қалай ұсталады – Қостанай полициясы арнайы операцияны көрсетті (ВИДЕО)
Олар шет елден келіп, Қазақстанда дроппер болып жүрген екі жігітті ұстаған

Қостанай қаласына шет елден келіп, банкоматтан заңсыз ақшаны шешіп алып жатқан екі дроппер жігіт ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қостанай қаласының полициясы арнайы операция жүргізе отырып, дропперлер қалай жұмыс істейтінін баяндаған.
«Қазақстанға шілде айында келген көршілес елдің 30 жастағы азаматы Ақтөбе, Атырау және Ақтау қалаларында алаяқтар жымқырған ірі көлемдегі ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Кейін ол ақшаны Тelegram арқылы «кураторлар» жіберген банк карталарына аударған. Оның 21 жастағы «көмекшісі» де бар», - деп хабарлайды полиция.
Видеодан көрініп тұрғандай, екі жігіт банкоматқа келіп, карталарынан ақша шешіп алады. Бұл – алаяқтардың біреуді алдап алған ақшасы. Оны тікелей өз қолдарына түсіріп, із қалдырмау үшін алаяқтар дропперлерді пайдаланады.
«Екі жігіт те қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру кезінде ұсталды. Жеке тінту барысында олардың жалдамалы пәтерінен үшінші тұлғалардың телефондары мен банк карталарын тәркіледі. Ұсталғандардың бірнеше алаяқтық фактілеріне қатысы бар екені анықталды. Полицейлер тергеуді жалғастырып жатыр», - деп хабарлайды polisia.kz.