Павлодар мен Қарағанды облыстарының шекарасындағы өртті 64 тонна су да сөндіре алмай жатыр
Сағат 14.30-да мәлімет бойынша, өрттің аумағы 10000 гектардан асып барып оқшауланған
Өрт сөндірушілер Павлодар мен Қарағанды облыстарының шекара аумағындағы дала өртін әлі сөндіріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өрт шығып жатқан жерлерге көлік оңайлықпен кіре алмай тұр. Өйткені, аймақ таулы жерге жатады. Оның үстіне, жел күшейген сайын тілсіз жауды ауыздықтау қиынға соққан.
«Қарағанды мен Павлодар облыстарының, Астана қаласының төтенше жағдайлар қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігінің 52859 әскери бөлімі, «Баянауыл» ұлттық паркінің 609 қызметкері мен 110 техникасы, «Қазавиақұтқару» және Қорғаныс министрлігінен 4 ұшағы дала өртін сөндіріп жатыр. Өртті 236 адам, 42 бірлік техника мен екі ұшақтың арқасында оқшаулады. Өрт орнына 29 рет 64 тонна көлемінде су төгілді. Су Шалқаркөл көлі және Желтау кентіндегі ұңғымадан алынды », - деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
Қарапайым тұрғындар үшін екі жедел желі жұмыс істеп ттұр: Қарағанды облысының ТЖД 8 721 2 51 72 23, Павлодар облысының ТЖД 8 718 2 20 11 12
Айта кетейік, Қарағандының Қарқаралы ауданындағы осы өрттен бір құтқарушы қаза тапты. Тағы төрт адам ауруханада жатыр.