Түркияда өзбек қызына қышқыл шашып өлтірген азамат өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Оқиға екі жыл бұрын болған
Сотталушы 46 жастағы Озгюр Гюнден 27 жастағы сүйіктісі Сожида Каландороваға қонақ үйде қышқыл шашып жіберіп, өлтірген. Түркия соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 2022 жылдың 9 мамырында болған. Озгюр Гюнден Өзбекстаннан келген құрбысы Сожида Каландоровамен бірге Карахайит ауданындағы қонақ үйге барған. Олардың қасында Ыстамбұлдан келген Сарвиноз Хайруллаева есімді қырғыз қызы болған.
Бойжеткен жігітінің телефонын рұқсатсыз алып, ішін қараған кезде дау туындап кеткен. Жігіт ұрыстан кейін қонақ үйдің тіркеу аймағына барып, бөлмеге қайта оралған. Сейфте сақталған қышқылды алып, қызға шашып жіберген. Оның айқайына құрбысы Хайруллаева жүгіріп келіп, ол да жарақат алған. Оқиға орнынан күдікті қашып кеткен.
Түркия сайты жазғандай, Денизли аймағының жандармериясы жігітті қолға түсірген. Күйіп қалған қыз Измирде бір айдан астам уақыт емделсе де, беті бері қарамай, қаза тапқан.
Оның өліміне химиялық күйіктердің асқынуы себеп болған. Сот Озгюр Гюнденді «қасақана кісі өлтіру» қылмысы үшін өмір бойына бас бостандығынан айырды.