Туған анасын ұрып-соққан – Қарағандыда экс-әкімнің ұлы сотталды
Ер адам анасын сабағанына өкінбеген
Қазыбек би аудандық соты бұрын Қарағандыны басқарған марқұм Шаймерден Оразалиновтың ұлы Әбіл Оразалиновқа қатысты үкім шығарды. Ол 78 жастағы туған шешесін ұрып-соққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары У-ды 1946 жылы туған анасы К-нің денесін әдейі жарақаттап, денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін және дәрменсіз күйде қалдырғаны үшін ҚК 107-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша айып тақты.
Сот хабарламасында көрсетілгендей, сотталушы У анасымен жалжалдасып, оның басынан, денесінен ұрып, тепкен. Салдарынан кейуананың миы шайқалған, беті жарақаттанған, қабырғалары мен омыртқасы сынған.
Әбіл Оразалинов істеген ісі үшін өкінбеген.
Сот оны 3 жылға соттап, жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеуге үкім шығарды.
Сонымен қатар, сотталушыдан 1 млн теңге көлемінде моральдық зиян сомасы, сондай-ақ адвокаттарға төленген шығындар өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетсек, күдіктінің әкесі Қарағандының әкімі, бірнеше рет Мәжіліс депутаты болған Шаймерден Оразалинов 2019 жылы 77 жасында дүние салды.