Алматыда бір топ жігіт автобус жүргізушісін қылқындырып, есінен тандырған (ВИДЕО)
Жүргізуші жатқан жерінде есін жинап, беті-қолын жуған соң жұмысына қайта кіріскен дейді куәгерлер
Алматы қаласындағы қоғамдық көліктердің бірінде үш жолаушы жігіт төбелес шығарып, оларды ажыратуға келген жүргізушіні есінен тандырып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде тараған видеодадан байқағанымыз, үш жігіт бір адамды ұрып жатыр. Ал, оларды ажыратуға келген жүргізушіні төбелесіп жатқан жігіттердің біреуі қылқындырып, автобустан алып шыққан. Екі кештің арасында болған сұмдық оқиға кезінде жүргізуші есінен танып, жерде жатқанын көруге болады.
«Жүргізуші біраз уақыт есінен танып жатты да оянған соң беті-қолын жуып, жұмысына кірісті», - деп жазған куәгерлер.
Редакция осы төбелеске қатысты полиция департаментінен ресми ақпарат алды.
«Аталған дерек бойынша Жетісу аудандық полиция Басқармасы тергеу жүргізіп жатыр. Төбелескендердің жеке басы мен алдын ала мән-жайлар анықталды. Олардың әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға беріледі», - деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.