Орталық Еуропаны су басып жатыр – 16 адам қаза тапты

Темірхан Айжан

Румынияның шығысындағы ауылдар тұтастай суға кетті 

Орталық Еуропаны су басып жатыр – 16 адам қаза тапты
Фото: BBC

Орталық Еуропа елдерінде өткен демалыс күндері «Борис» дауылы соғып, нөсер жаңбыр жауды. Салдарынан Чехия, Польша Австрияның аумағын су басып, Румынияның ауылдары тұтастай суға кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy BBC - орыс қызметіне сілтеме жасап.

Қазірге дейін 16 адамның денесі табылған.

Польшаның Ныса қаласының әкімі Кордиан Колбярц су бөгетінің жарылуы мен жақын маңдағы көлдердің тасып, қалаға қарай ағу қаупінің барын ескертіп, қала тұрғындарын ғимараттардың жоғары қабаттарына қарай орналасуға шақырды.

«Заттарыңызды жинап, жақындарыңызды алып, қауіпсіз жерге көшіңіздер. Ғимараттардың жоғары қабаттарына көтеріліңіздер. Толқынның биіктігі бірнеше метрге жетуі мүмкін, бүкіл қала суға кетеді деген сөз»,- деп жазды әкім.

Польшаның премьер-министрі Дональд Туск су тасқынынан зардап шеккендерге миллиард злота, яғни 260 млн АҚШ доллары бөлінетінін айтты. Сонымен қатар, Польша ЕО-дан көмек сұрамақ. Туск үкіметі төтенше жағдай жариялады.

Елде мыңдаған адамдар эвакуацияланды. Көптеген жолдарды су басып, поездар жүрісін тоқттатты.

Дунай өзені тасып, Словакияның көне қаласы Братислава суға кетті. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, судың биіктігі 9 метрге жеткен, алда бұдан да ары көтеріледі дейді.

Дунайдың төменгі ағысында орналасқан Венгрия алдағы күндері болатын су тасқынына дайындалып жатыр. Дунайдың жағасындағы 500 шақырымдай аумақты су басу қаупі бар. Өзен тәулік сайын бір метрге биіктеуде.

Будапешт мэриясы миллион қапшыққа құм толтырып су тасқынынан қорғау шараларын жасады. Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан бүкіл шетелдік сапарларын кейінге шегерді. Чехияның Есеник қаласына өткен бейсенбіден бері орташа айлық нормадан 5 есе көп жауын-шашын жауды. Асвтрияның Санкт-Пёльтен  қаласына 4 күнде 1950 жылдың күзінен бері жаумаған көп жаңбыр жауды. Австрияның зардап шеккен аудандарына көмекке сарбаздар жіберілді, климат министрлігі бүлінген аумақтарды қалпына келтіруге 300 млн еуро бөлінетінін хабарлады. Румынияның шығысындағы ауылдар тұтастай суға кетті.

Су тасқыны әлі де бірнеше күнге жалғасады деген болжам бар, дегемен Орталық Еуропаның ауа-райы апта ортасында қалыпқа келеді. «Борис» дауылы Италияның оңтүстігіне жылжып, қатты жауын-шашын алып келмек.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.