Оралда полицейлер суицид жасамақ болған әйелді құтқарып қалды

Azattyq Rýhy

Құтқару операциясына арнайы жасақ қызметкерлері қатысқан

Оралда полицейлер суицид жасамақ болған әйелді құтқарып қалды
Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Оралдағы полиция бөлімшшесіне Самал көшесінде орналасқан 9 қабатты үйлердің бірінде алтыншы қабаттың терезесінде белгісіз әйел адамның отырғаны және оның секірмек ойы бар деген хабарлама келіп түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Әйелді әңгімеге тартуға тырысқанымен, одан еш нәтиже болмайтынын түсінген полиция қызметкерлері 6-қабатқа көтерілді. Қажетті пәтерді тапқан соң, қайғылы оқиғаның алдын алу мақсатында есікті бұзуға шешім қабылдайды.

«Осы кезде көмекке түнгі кезекшілікте қызмет атқарып жүрген “Үкі-8” жасағы келіп жетті. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерімен есікті жартылай майыстырып ашып, ішке қарай ең бірінші Казиханов Дамир кіріп, қалған әріптестеріне пәтерге кіруге мүмкіншілік жасайды. Полиция қызметкерлері әйел адамның терезе жақтауында әлі отырғанын көріп, асықпай, байқатпай тез қимыл жасап, әйел адамды пәтер ішіне еш жарақатсыз түсіріп алады. Содан кейін жедел-жәрдем қызметкерлерін шақыртып, соларға табыстады», - делінген хабарламада.

Осылайша, полиция қызметкерлерінің тез шешім қабылдауының арқасында адам өмірі құтқарылды. Сол сәтте сол үйдің қасына жиналған азаматтар полиция қызметкерлерінің іс-әрекетіне риза болып, қол шапалақтарын аямай соқты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.