Ақтөбе облысында қаза тапқан баланы 15 оқушы бір сағат бойы қатігездікпен ұрып-соққан

Темірхан Айжан

Марқұм Нұржан Сыдық бар болғаны 14 жаста еді 

Ақтөбе облысында қаза тапқан баланы 15 оқушы бір сағат бойы қатігездікпен ұрып-соққан
Фото: скриншот

Ақтөбе облысында қайтыс болған жасөспірімді 10 және 11 сыныптың 15 оқушысы жабылып ұрған. Бұл туралы өзін баланың әпкесімін деп таныстырған желі қолданушысы жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Менің інімді үлкен сыныптың оқушылары өлтірді. Екінші қыркүйекте Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылында менің 14 жастағы інім, Нұржан Сыдықты 10 мен 11 сыныпта оқитын 15 оқушы бір сағат бойы аяусыз ұрып-соққан. Содан кейін оны қиналып жатқан күйінде тастап, өз жөндерімен кеткен. Інімнің құлағынан, мұрнынан тоқтаусыз қан аққан, олар маңызды мүшелерінен дәлдеп ұрған», - деп жазды желі қолданушысы.

Қайтыс болған баланың әпкесі інісін соққыға жыққандардың ішінде жалпы білім беретін Қопа орта мектебі мұғалімдерінің ұлдары бар екенін және олардың Темір ауданы Құқық қорғау органдарында таныстары бар екенін айтады.

«Қазір біз інімді аяусыз өлтіріп кеткендер жазадан құтылып кете ме деп қорқамыз. Сондықтан осы ащы шындықты ашық айттық», - деді ол.

Бойжеткеннің айтуынша, Нұржан тірі болғанда келесі айда 15 жасқа толар еді. Қыршынынан қиылған жас бала болашақта Астанаға оқуға түсіп, математик болуды армандаған екен.

Бұған дейін Ақтөбе облысында оқушылар төбелесіп, салдарынан 9-сынып оқушысы қаза тапқанын хабарлаған едік. Қазіргі күні оқиғаға байланысты екі күдікті ұсталған. Бас прокурор Берік Асылов іс өзінің жеке бақылауында екенін жазды. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.