Түркияда сақтық шаралары жеңілдетілді: туристік маусым қашан ашылады?
Биыл демалыс орындарында «швед үстелі» болмайды
Түркияда соңғы тәулікте екі мыңға жуық адам қатерлі індетке шалдығып, 57 науқас көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Елдің денсаулық сақтау министрінің айтуынша, бұл – 1 сәуірден бергі ең төменгі өлім көрсеткіші. Жалпы, елде COVID-19-ды жұқтырғандардың саны 133 мыңнан асқан. Дегенмен, түрік билігі коронавирусқа қарсы күресте алғашқы кезеңнің аяқталғанын мәлімдеп, дерттің бақылауға алынғандығын айтты.
«Түркияда мамырдың 11-інен бастап, сақтық шараларын кезең-кезеңмен жеңілдету басталады. Елде шаштараз, сауда орталықтары қайта іске қосылып, барлық ірі зауыт пен фабрикалар өз жұмысын бастайды. Дегенмен, 20 жасқа дейінгі және 65 жастан асқан кісілердің әлі де толыққанды сыртқа шығуына рұқсат жоқ. Бұл топтағылардың тек қана аптасына 4 сағат көшеге шығуына мүмкіндік бар», - деп хабарлайды арна.
Бұдан бөлек, 24 провинцияда сенбі- жексенбі күндеріне арналған коменданттық сағат жалғасады. Аталмыш ережелерді бұзғандарға қатаң шара қолданылып, 3150 лира айыппұл салынады. Бұл теңгеге шаққанда 185 мың.
«Жалпы елде коронавирус салдарынан көз жұмғандардың саны 3641. Айыққандар 83 мыңға жуықтады. Ел жұқпалы індеткен қарсы сақтық шараларымен қоса, сынамалар арқылы күрес жүргізіп отыр.Қазірге дейін 1,5 миллионға жуық азаматқа COVID-19-ды анықтау тесті жасалды», - деліген арна таратқан хабарда.
Түркияның осы жылдың алғашқы тоқсанында туризмнен кірісі 11%-ке төмендеді. Бірақ бұған қарамастан билік саланы қайта жандандырмақ. Мәдениет және туризм министрінің айтуынша, пандемия кезінде арнайы «Жол картасы» әзірленген. Ол бойынша, қонақ үйлер тек 60%-ке толып, әрбір қонақтан кейін бөлмелер зарарсыздандырылып, бөлмеге 12 сағатқа дейін ешкім кірмейді.
«Әуежайлар мен басқа да қоғамдық жерлерде бетпердемен жүру міндеттеледі. Әрбір қонақ үйде, арнайы «карантиндік аймақ» құрылады. Сонда, ауру белгілері бар демалушылар жіберіледі. Хауыз, асхана және жағалау секілді жерлердің бәрінде ара қашықтықтық сақталуы шарт. Биыл фитнес- залдар жұмыс істемейді. Ашық асхананың орнына кәдімгі ресторандық тәртіп орнайды», - делінген ақпаратта.
Түрік демалыс орындары, all inclusive яғни «Бәрі бағаға қосылған» қызметінен бас тартқан жоқ. Тек, асханадағы «швед үстелі» бұл жолы болмайды. Жоспарға сәйкес, шет елден келетін туристтерге демалыс орындарының есігі шілде айында ашылмақ. Ал әуе жолдары маусым айында жанданады.