Ақтөбе тұрғынына үш баласы қаза тапқан жол апаты бойынша өзіне айып тағылды
Сотта әйел жүк көлігі қарсы жолаққа шығып, оның көлігімен соқтығысқанын дәлелдеді
Ақтөбе қаласы №3 сотына азаматша Ж. қылмыстық қудалаудан келтірілген моральдық зиянды және адвокат еңбегін төлеуге жұмсалған шығындарды өндіру туралы талап арызбен жүгінді. Әйтеке би аудандық сотының үкімімен Ж. ақталып, оған қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тарту салдарынан келтірілген зиянды өтеу құқығы берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық сотқа сілтеме жасап.
Қылмыстық іс барысында Ж.-ға жолдың қарсы бағытына шығып, жүк көлігімен соқтығысты деген айып тағылған болатын. Соқтығыс нәтижесінде Ж.-ның автокөлігінде болған жолаушылар қайтыс болған. Алайда, сот Ж.-ға тағылған екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы қағидаларын бұзу айыбы бойынша оны кінәсіз деп таныды.
«Талап қоюшыға қылмыстық іс шеңберінде «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат» бұлтартпау шарасы қолданылған. Сот Ж.-ның қозғалыс еркіндігі шектеулі болғанын, сонымен қатар болған оқиғада отбасынан, оның ішінде үш кәмелетке толмаған баласынан айырылғанын және басынан өткен моральдық азаптарын ескере отырып, оның пайдасына 2 000 000 теңге моральдық зиян және адвокаттық шығындар үшін 1 300 000 теңге өндіруге шешім шығарды», - делінген хабарламада.
Соттың шешімі заңды күшіне енген жоқ.